Табиғатқа жанашырлық: Көлсайда дәстүрлі экошара өз мәресіне жетті

05.06.2025 16:15

Қоршаған ортаны қорғауға арналған ауқымды акция аяқталды

«Көлсай көлдері» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің аумағында ұйымдастырылған «Саябақтар шеруі» науқаны аяқталды. Жыл сайын 20 наурыздан 5 маусымға дейін өтетін халықаралық табиғатты қорғау акциясы биыл 19-рет ұйымдастырылды. Осы уақыт аралығында Кеген ауданындағы мектеп оқушылары мен жергілікті тұрғындар тазалық жұмыстары мен түрлі іс-шараға белсенді атсалысып, байқауларда бағын сынады, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.

Үздік деп танылғандарға ұлттық парк басшылығы мен демеушілер тарапынан бағалы сыйлықтар табысталды. «Адамзаттың табиғатсыз күні жоқ, табиғаттың оны айтар тілі жоқ» дегенді ұран еткен ұйымдастырушылар «акцияның басты мақсаты – азаматтарды қоршаған ортаны аялауға және қорықтардың гүлденуіне үлес қосуға шақыру болды» дейді.  

«Іс-шараның мақсаты – Табиғатты, жан-жануарлар мен өсімдіктер дүниесін қорғау болса, екінші жағынан, туризм, экологиялық ағарту жұмыстарын жүргзу. Соның ішінде «Саябақтар шеруі» акциясының негізгі мақсаты – осы ұлттық парк аумақтарына келген туристердің, парк аумағында еңбек ететін қызметкерлердің және жас ұрпақтың табиғатқа деген жанашырлық сезімін ояту және оны қорғауға атсалысу», - деді «Көлсай көлдері» мемлекеттік ұлттық табиғи паркі директорының орынбасары Хамит Ахметов. 

Іс-шараның Төменгі Көлсай көлінде ұйымдастырылғанын айта кетейік. Оған Кеген ауданының әкімі, аудандық білім бөлімінің басшылығы, орман шаруашылығы мен ұлттық парк қызметкерлері, ұстаздар мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты. Жабылу салтанатында көпшілікке алғысын білдірген аудан әкімі аймақты көріктендіру жұмыстары белсенді жүріп жатқанын айтты. Биыл қорықтар мен соқпақтарды қалпына келтіру шаруалары қолға алынған екен. Ал алдағы уақытта туризмді дамыту бойынша ауқымды жобалар іске аспақ.

«Туризмді дамыту бойынша Көлсай көлдеріне, Қайыңды көлдеріне, басқа да аймақтарға қолдаулар бар. Ол – электр желілерін тарту, жол жасау және келіп жатқан туристерді қабылдайтын орталықтарда, тамақтанатын орындар мен жататын жерлеріне дейін, мейрамхана, кафе, қонақүйлер мен киіз үйлерге дейін, жалпы барлық қызмет көрсететін сервистер бойынша жұмыстар жүріп жатыр», - деді Кеген ауданының әкімі Нұрбақыт Теңізбаев.

Оқи отырыңыз: Қоршаған ортаны қорғау күні: Аюсай шатқалында пластик қалдықпен күрес күшейді