Оқиға 11 маусымда түстен кейін болған
Таиландтағы Пхукет аралындағы Карон жағажайында Қазақстан азаматы суға батып кетті, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі Baq.kz-ке сілтеме жасап.
Оқиға 11 маусымда түстен кейін болған. Құтқарушылар шамамен 200 метр қашықтықта жағаға қарай әлсіз жүзіп, көмек сұраған ер адамды байқаған.
«Құтқарушылар аквабайкпен дереу көмекке ұмтылған. Алайда олар ер адамды судан алып шыққан кезде турист дем алмай жатқан. Зардап шегуші шұғыл түрде жақын маңдағы ауруханаға жеткізілгенімен, оны аман алып қалу мүмкін болмаған», – деп жазады басылым.
Қазіргі уақытта марқұмның жеке басы ресми түрде анықталған жоқ. Алайда полиция өкілдері қаза тапқан адамның Қазақстан азаматы екенін растады.
Айта кетейік, бұл Карон жағажайында соңғы күндері болған екінші қайғылы жағдай көрінеді. Бұған дейін, 10 маусым күні, дәл сол жағажайда дауыл туралы ескертуге қарамастан суға түскен Албания туристі қаза тапқан.
Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі бұл оқиғаға қатысты әзірге нақты ақпараттың жоқ екенін хабарлады.
Оқи отырыңыз: Кәсіпкерден 10 млн теңге бопсалаған: Жетісу облысында блогер сотталды