Тақтай төсеп алдық: Атыраудағы Ақсай ықшамауданының тұрғындары жол азабын тартып отыр

Тұрғындар лай кешпеу үшін резеңке етік киеді, кейбірі аяқ киімін пакетпен орайды

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Атыраудың Ақсай ықшамауданының тұрғындары жол азабын тартып отыр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Бес жылдан бері жауаптылардың немқұрайдылығынан шаршаған халық  үйінің алдына тақтайдан тротуар салып алған. Өйткені күздің жауынды күндері балалар мектепке бара алмай қалады.

"Өте қиын, жолымызды көрдіңіздер ғой, тақтай салып аламыз. Мектебіміз 500-700 метр жерде, соған бару балаларға қиын, үлкен кісілер зорға шығады. Ертең наурыз-сәуір айларында балалар сабаққа баруды қояды, ата-аналарға да оларды тасу қиын", – деді қала тұрғыны Мұрат Құспанов.

Тұрғындар лай кешпеу үшін резеңке етік киеді, кейбірі аяқ киімін пакетпен орайды. Зейнеткер Гүлсім Мақұлованың айтуынша, жауын жауса, көшенің батпағы езіліп, бәрін әбігерге салады. Соның кесірінен тіпті қоғамдық көлікке мінудің өзі мұңға айналған.

"Аяғымызды дұрыс басып жүре алмаймыз. Жасым 70-ке келгенде құлап, сұлап жатамыз. Одан қалды ерекше күтімді қажет ететін балам бар, оны мәшинеге мінгізе алмаймыз, түсіре алмаймыз. Егер "жедел жәрдем" шақырсақ, ол ана жақта тұрады, мен мұнда тұрмын,  жете алмайды" – деді қала тұрғыны Гүлсім Мақұлова.

Көпшіліктің талабын тыңдауға келген жауаптылар келесі жылы көшелерге жол салынатынын айтты. Қазір жобалық-сметалық құжаттама жасалып, қаржы қарастырылып жатыр.

"Бұл жобада тек Ақсай емес, барлық елдімекендер, оның ішінде Ақжар, Ақсай, Береке сынды 69 көше қаралған, жалпы ұзындығы 37 шақырымды құрайды. Оны 2027 жылдың жоспарына енгізіп, ұсыныс бердік, оны облыс әкімі өзі қолдады. 2027 жылы мердігер мекемені анықтап, Ақсайда жол салу жоспарланып отыр, – деді Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Ержан Хайноллаев.

Жол азабын тартып жүрген жұрттың енді тағы бір жыл шыдаудан басқа амалы жоқ. 

Жұлдыз Қайратқызы, Атырау қаласынан

Оқи отырыңыз: Ұлытау облысында қандай әлеуметтік нысандар бой көтереді