Елімізде автокөлік жуу бекеттеріне қойылатын талаптар қатаңдайды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Алдағы бес жылда Қазақстандағы барлық автокөлік жуу орындары пайдаланылған суды кәрізге тікелей ағызбай, оны тазартып, қайта қолдануға мүмкіндік беретін арнайы қондырғылар орнатуы тиіс. Бұл талап өткен жылдың жазында қабылданған жаңа кодексте нақты көрсетілген. Мемлекет басшысы су ресурстарын тиімді әрі үнемді пайдалану мәселесіне бірнеше рет назар аударған болатын. Осыған байланысты ең алдымен тіршілік нәрін көп тұтынатын нысандардан бастау жөнінде шешім қабылданыпты. «Астана-Су» кәсіпорнының мәліметіне сүйенсек, елорда аумағында шамамен 300 автокөлік жуу орны жұмыс істейді. Олардың әрқайсысы айына орта есеппен 300 текше метр су тұтынады. Мамандардың айтуынша, заманауи тазалау және қайта пайдалану жүйелерін енгізу арқылы тұтыну көлемін едәуір қысқартуға мүмкіндік бар.
«Авто жуу бекеттерінде бір машинаны жуғаннан кейін, сол жууға кеткен суды оны жинақтап, қайта тазартып және сол тазартқаннан кейін оны қайта сол басқа машиналарды жууға пайдаланады. Бұл жерде құрылғының паспортына байланысты, техникалық құжаттарына сәйкес, суды 60 пайыздан 80 пайызға дейін қайта пайдалануға болады», – деді «Астана су арнасы» МКК өнім өткізу қызметінің басшысы Тимур Бабанаев.
Автокөлік жуу орнының иесі Досболат Айтуғанның айтуынша, бұл бастама қызмет құнының қымбаттауына әсер етуі мүмкін. Себебі сапалы жабдықтардың құны 1 миллион теңгеден асады. Сонымен қатар сүзгілерді тұрақты түрде, яғни ай сайын ауыстыру қажет. Ал қондырғыларды орнату үшін ғимаратты қайта жаңғырту да талап етіледі. Кәсіпкердің сөзінше, мұндай шығындар едәуір қаржыны қажет етеді және оны өтеу үшін бағаны көтеруге тура келеді.
«Бізге талап қойғанымен, ондай соманы қалтамыздан шығарып қоюға көп адамның қаражаты жеткіліксіз. Иә, қымбаттайды, бағаны көтереміз. Адамдар бағаның не үшін көтерілгенін сұрайды», – деді кәсіпкер Досболат Айтуған
Жауаптылардың айтуынша, кәсіпкерлерге қаржылық ауыртпалық түсірмеу үшін 5 жылдық өтпелі кезең бекер беріліп отырған жоқ. Алғашқы 2 жылда көлік жуу орындары қажетті құрылғыларды орнату бойынша нақты жоспар әзірлеуі керек, ал келесі 3 жылда сол жоспарды кезең-кезеңімен жүзеге асырып, жабдықтарды толық орнатуы тиіс.
«Бес жылдың ішінде қондырғыны орнатса, бастапқыда шығын шығады. Бірақ алдағы уақытта суды қайтара пайдаланудың нәтижесінде кәсіпкер қаражатын үнемдейді, – деді «Астана су арнасы» МКК өнім өткізу қызметінің басшысы Тимур Бабанаев.
Сондай-ақ бұл бағытта мемлекет кәсіпкерлерді қаржылай қолдау мүмкіндігін қарастыруы ықтимал. Бұл қайтарымсыз гранттар немесе төмен пайызбен берілетін жеңілдетілген несиелер түрінде жүзеге асуы мүмкін.
Мәди Бижан, Нұрлан Өтеген, Әлихан Өтеген, Астана
Оқи отырыңыз: Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының баға индексі өскен жоқ