Талапшыл, әділ басшы, адал дос: Талғат Мұсабаев - әлемде тұңғыш рет космосқа саяхат жолын ашқан ғарышкер

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Әйгілі ұшқыш-ғарышкер, Халық қаһарманы, мемлекет және қоғам қайраткері Талғат Мұсабаев 74 жасында дүниеден өтті, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Қазақтың екінші, ал әлемнің 309-ғарышкері Талғат Мұсабаев 1951 жылы Алматы облысы, Жамбыл ауданы, Қарғалы ауылында дүниеге келген. Ата-анасы тұңғыш ұлы дүниеге келгенде Талғат Бигелдиновтің есімін ырымдап қойған. Бала Талғат та ағасы сияқты батыр, одан кейін Юрий Гагарин сияқты ғарышкер болуды армандаған. Асқақ арманы 43 жасында орындалып, бұлттан асып, жұлдызға самғады.

«Ригадағы авиация институтының радиоинженерін бітірді. Одан кейін ол кісі спорттық ұшақтармен ұшып, Кеңес Одағының чемпионы болды. Ауыл-ауылға ұшатын кішкентай «кукуризник» деген ұшақты басқарды. Содан кейін У-134 ұшақғының ұшқышы болып жүргенде ғарыштар отрядына алып кетті», – деді ҚР ҰҒА академигі Мейірбек Молдабеков.

Жұлдыздарға жол салған Талғат Мұсабаев  – қазақ даласынан ғарыш кеңістігіне аттанған үш ғарышкердің бірі. Ол үш рет көкке көтеріліп, онда 341 күн 9 сағат 48 минутын өткізген. Талғат Мұсабаев ашық ғарышқа 7 рет шығып, 41 сағаттан астам уақыт жұмыс істеген. Ол 50 жасында үшінші сапарында америкалық Деннис Тито атты туристі ғарышқа апарып, әлемде тұңғыш рет космосқа саяхат жолын ашты. Халық қаһарманы, мемлекет және қоғам қайраткері Талғат Мұсабаев саналы ғұмырында Ұлттық ғарыш агенттігінің төрағасы, кейіннен Сенат депутаты сынды жауапты міндеттерді атқарған. Ғарыш саласын дамытуға айтарлықтай үлес қосқан.

«Қазақстанның ғарыш саласын дамытуда  платформаларға және ғарыш саласын цифрландыру мәселесіне қатты көңіл бөлді. Космос саласындағы ашылған бүкіл ғылыми жұмыстың экономикамызға алып келуге тырысты», – деді ҚР Парламенті Сенатының депутаты Ғалиасқар Сарыбаев.

«Талғат Мұсабаев – талапшыл, әділ басшы, адал дос болды» дейді ғарышкердің әріптес-замандастары.

 «Жұмыс жағдайында өте қатал болатын. Ғарышта әрбір секундты өлшеп, жұмыс істейді. Сондықтан барлық қимылдар 1 минут қалмай басталып, 1 минут қалмай аяқталып, бәрі тәртіппен жүруге тиісті еді.  Батыр адам ғой. Ғарышқа 3 рет ұшты. Бір жылдай ғарышта жүрді. Ал заң бойынша ғарышта жүрген 1 жыл 5 жылға саналады. Сондықтан екеуіміз құрдас деп бір-бірімізді есептейтін едік. Достыққа ол өте адал. Сондай жауапкершілікпен қарайтын. Алдын ала біліп, сезіп, сен бір нәрсені сұрамай-ақ шешіп беретін. Ондай достар өте сирек», – деді ҚР ҰҒА академигі Мейірбек Молдабеков.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ғарышкердің отбасы мен жақын туыстарына көңіл айту жеделхатын жолдады. Президент халықтың құрметіне бөленген Талғат Мұсабаевтың жарқын бейнесі ешқашан ұмытылмайтынын айтты.

Новости партнеров