Қала орталығында болған қайғылы жағдай бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жүргізіліп жатыр
Талдықорған қаласында ер адам танысын өлтіріп, оқиға орнынан қашып кеткен. Қайғылы жағдай кеше кешке орын алды, - деп хабарлайды Almaty.tv.
Алдын ала мәліметтерге сәйкес, қала орталығында екі таныс азамат арасында жанжал шығып, арты төбелеске ұласқан. Төбелес барысында соққы алған тарап суық қару қолданып, қарсыласына жарақат салған. Алған жарақатының салдарынан жәбірленуші оқиға орнында тіл тартпастан көз жұмды. Күдікті қылмыс жасағаннан кейін жасырынып үлгергенімен, құқық қорғау органдары оны көп ұзамай қолға түсірді.
«Қылмыс жасағаннан кейін күдікті оқиға орнынан бой тасалаған. Жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде ізін суытпай күдікті анықталып, ұсталды. Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп, барлық мән-жайлар анықталуда», – деді Жетісу облыстық ПД бастығының бірінші орынбасары Бауыржан Сапар.
Қазіргі таңда аталған дерек бойынша тиісті сараптамалар тағайындалып, тергеу жұмыстары жалғасуда.
Оқи отырыңыз: Қазақстанда 303 зертхана жұмыс істеп тұр: ғылым мен бизнестің интеграциясы