Талдықорғанда 6 жастағы қызға азғындық жасауға тырысқан ер адам табылмады

24.09.2024 21:44

Арам ойы іске аспаған ер адам бірден қаша жөнелген

elements.envato.com

Талдықорғанда 6 жастағы қызға азғындық жасамақ болған ер адам куәгерлердің көзіне түсіп қалған соң, оқиға орнынан қашып кеткен, деп хабарлайды  Almaty.tv тілшісі.

Талдықорғанды дүр сілкіндірген оқиға демалыс күні 9-шағынауданда болған. Тұрғындардың айтуынша, еңгезердей еркек кішкентай қызды ойын алаңында ойнап жүрген жерінен алдап 21-үйдің 2-қабатындағы дәлізге апарған. Қыздың киімін шешуге әрекет етіп жатқанда сырттан біреу кіріп қалған көрінеді. Арам ойы іске аспаған ер адам бірден қаша жөнелген.  

"Менің танысымның қызы екен.  Ол жуас. Ойын алаңында бір сағат қарап жүрген,  дәлізге әкелген, сырттан біреу кірген соң, ана кісі сыртқа қашып кетіпті.  Бала шошынып қалған", – деді  қала тұрғыны Дана Омарова.

Үрейленіп қалған ата-аналар балаларын үйден шығармай отырғанын айтты. Ал полиция күдіктіні екі күннен бері әлі таппай жатыр. Тұрғын үйдің кіреберісінде бейнекамера болғанмен, ол істемейді.  

Жетісу облысының Полиция департаменті:

 "Аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Күдіктіні іздеуге жеке құрам түгел жұмылдырылды. Тыныштық сақтап, балаларды қараусыз қалдырмауды сұраймыз. Жағдай полиция департаментінің бақылауында».

Сондай-ақ әлеуметтік желіде 22 қыркүйекте дәл осы шағынаудандағы  33-үйдің ауласында да белгісіз ер адамның 6-8 жастағы қыздардың белінен төмен қол жүгірткені туралы ақпарат тарады. Қазір мән-жай анықталып жатыр.

Меруерт Сабыртай, Мирас Анитов, Жетісу облысы

Оқи отырыңыз: Қарғын су: еліміздегі зардап шеккен аймақта неше тұрғын үй салынды