Талғар ауданында 20 жастағы жігіт бір топ адамның қолынан қаза тапты

22.04.2026 14:49

Бұзақылық әрекеттеріне қатысы бар тағы 3 адам қолға түсіп, жауапқа тартылды

Алматы облысы Талғар ауданында 20 жастағы жігіт бір топ адамның қолынан қаза тапты. Қанды оқиғаға байланысты бірден екі қылмыстық іс қозғалды, деп хабарлайды Almaty.tv.

Қайғылы жайт осыдан 10 күн бұрын Гүлдала ауылындағы мейрамханалардың бірінде болған. Куәгерлердің айтуынша, көңілді отырыс әп-сәтте жанжалға ұласып, арты адам өлімімен аяқталған. Ер кісі пышақ жарақатынан оқиға орнында тіл тартпай кеткен. Полиция дерегінше, қазір адам өлтіру және бұзақылық фактілері негізінде қылмыстық істер тіркелді. Жедел-іздестіру шаралары барысында 20 жастағы бас күдікті ұсталып, қамауға алынған. Сонымен қатар бұзақылық әрекеттеріне қатысы бар тағы 3 адам қолға түсіп, жауапқа тартылды.

«Оқиға куәгерлері анықталып, қылмыстық іс аясында олардан жауап алынды. Қазір жан-жақты және объективті зерттеуді қамтамасыз етуге бағытталған қажетті тергеу әрекеттері жүргізілуде. Барлық тараптардың уәждері мұқият тексеріліп жатыр. Тергеу барысы Алматы облысы Полиция департаменті басшылығының ерекше бақылауында», – делінген Алматы облысы Полиция департаментінің баспасөз қызметінің хабарламасында.

Оқи отырыңыз: Қазақстандықтар Оңтүстік Кореяда заңды түрде жұмыс істеуі мүмкін