Ыстық су тұрақсыз, ал жоғарғы қабаттарға қысым жетпейді
Түзусай ауылындағы 1 жыл бұрын пайдалануға берілген баспаналарға әлеуметтік осал топтағы азаматтар да қоныстанған. Алайда мұндағы коммуналдық түйткілдер әлі күнге дейін шешілмепті, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Бір жыл бұрын пайдалануға берілген үйлерге тұрғындар әлі де қоныстанып жатыр. Олардың қатарында баспана кезегінде тұрған әлеуметтік осал топ өкілдері де бар. Алайда жаңа қоныстағы қуаныштың орнын тұрмыстық қиындық басқан. Ыстық су тұрақсыз, ал жоғарғы қабаттарға қысым жетпейді. Тұрғындар краннан жылы су ағуын бірнеше минут бойы күтуге мәжбүр.
«Кешкі уақытта ыстық су мүлде болмайды. Құбырдағы қысым да өте төмен. Су сорғыларын орнатып береміз деп уәде еткен, бірақ әлі күнге дейін нәтиже жоқ. 6 қыркүйектен бері талай мекеменің табалдырығын тоздырдық. Шағымымызға ешкім құлақ аспай отыр. Оның үстіне, жаңбыр жауса, кіреберіске су кіріп, электр қалқандарына дейін жетеді. Балаларымызды ток соғып кете ме деп алаңдаймыз», – деді Түзусай ауылының тұрғыны Светлана Сотникова.
«Коммуналдық төлем арзан емес. Бәріміз уақытында төлеп жүрміз. Бірақ ылғи су жоқ, дәлізде су ағады. Аулаға жарық орнату керек», – деді Түзусай ауылының тұрғыны Сандуғаш Бауыржанқызы.
Құрылыс компаниясы бұл мәселеден хабардар. Жауаптылардың айтуынша, жылыту маусымы басталғалы ыстық су жүйесіне салмақ түскен. Оның үстіне, құбырдың диаметрі шағын болғандықтан, қысым төмендепті.
«Ыстық су жөнінде мәселенің халықтан естиміз, білеміз. Сондықтан жылыту маусымы басталғалы 6- қабатқа ыстық судың көтерілу қиын болып жатыр.Мәселе шешілуі керек деп ойлаймыз», – деді құрылыс компаниясының өкілі Жадыра Бронникова.
Ал аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің мамандары мәселені құбыр жүйесін жаңарту арқылы шешпек. Жобада қарастырылған 32 миллиметрлік құбыр 65-ке ауыстырылмақ. Сондай-ақ қосымша қазандық іске қосылып, жылу қуаты арттырылады.
«Төрт үй 1200 киловаттық қазандыққа қосылған. Судың қысымы төмен болғандықтан, мердігер мекемеге шағым айттық. Мердігер судың мәселесі келесі дүйсенбіге дейін шешіледі», – деді Талғар ауданы ТҮКШ және тұрғын үй инспекциясы бөлімі басшысының міндетін атқарушы Аман Молдажан.
«Көп сұрақ тұрғын үй кешенін салған құрылысшыларға бағытталған. Олармен де, тұрғындармен де сөйлестік. Тұрғындар шағымдарын жазып берсе, құрылыс компаниясына көрсетіп, кемшіліктерді түзеуге тырысамыз», – деді Панфилов ауылдық округінің әкімі Думан Нұрғазы.
Жауаптылар ыстық су мәселесін келесі аптаға дейін шешуге уәде берді. Ал баспананың құрылыс сапасына қатысты шағымдар жеке қаралмақ. Әзірге тұрғындар айтылған уәденің орындалуын күтуге мәжбүр.
Мәди Мәлік. Думан Дәулетбақұлы, Алматы облысы
Оқи отырыңыз: Атырауда тікелей эфирде «лаңкеспін» деп мәлімдеген екі келіншектің ісі сотқа жолданды