Атырауда тікелей эфирде «лаңкеспін» деп мәлімдеген екі келіншектің ісі сотқа жолданды

Заң бұзған әйелдермен теологтар профилактикалық жұмыс жүргізді

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Атырауда тікелей эфирде өзін «20 жылдан бері лаңкеспін» деген екі келіншектің ісі сотқа жолданды. 38 және 39 жастағы тұрғындардың үстінен 3 әкімшілік іс қозғалды. Олар әлеуметтік желі арқылы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің атына кір келтіретін сөздер айтқан, деп хабарлайды Almaty.tv. 

Полиция оларға қатысты ұсақ бұзақылық, құқыққа қайшы контент тарату, сондай-ақ қоғамдық орындарда адамның жеке басын анықтауға кедергі келтіретін киім кию деректері бойынша хаттама толтырды. Сонымен қатар заң бұзған әйелдермен теологтар профилактикалық жұмыс жүргізді.

«Кездесу барысында оларға заң талаптары, қоғамдық тәртіп нормалары және құқық бұзушылықтарға жол бермеу керек екені түсіндірілді. Полиция департаменті әлеуметтік желілер заң талаптары қолданылмайтын орта емес екенін ескертеді. Тікелей эфир кезінде де жасалған кез келген құқыққа қайшы әрекетке заң аясында тиісті баға беріліп, кінәлі тұлғалар қолданыстағы заңнамаға сәйкес жауапкершілікке тартылады», – деді Атырау облысы Полиция департаменті қоғамдық қауіпсіздік басқармасының бастығы Әділбек Қозыбеков.