Талғар ауданында жұмысшылар 6 айдан бері жалақысыз жұмыс істеп келеді

Құрылысы сағызша созылған Белбұлақтың №10 мектебінде жұмыс істеп жатқан құрылысшылар бас көтерді

Жаңалықтармен бөлісіңіз

"Қалаған кірпішімізге дейін алып кетеміз". Алматы облысы Талғар ауданында құрылысы тұралап тұрған мектептің жұмысшылары еңбекақысын талап етіп, дау шығарды. Олар Белбұлақ ауылындағы білім ошағында 6 айдан бері жалақысыз жұмыс істеп келеді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Құрылысы сағызша созылған Белбұлақтың №10 мектебінде жұмыс істеп жатқан құрылысшылар бас көтерді. Жарты жылдан астам еңбекақысын ала алмай жүрген жұмысшылар қыруар қаражат бөлінген жоба аяқсыз қалып, қаржыландыру тоқтап қалғанын айтты. Ғимарат қолдануға берілуі тиіс мерзімінен бесінші рет кешіккен.

"Бес ай болды ақша алмадық.. Басшы қалтасынан төлеп отырды. Маған 500 мың теңге қарыз, менің қарамағымда қаншама адам бар, оларға да қарыз", – деді құрылыс нысанының жұмысшысы Анар Дәуренбекова.

"Жұмысты соңына дейін аяқтап кеттік. Олар  4 миллион теңге қарыз. Бригадада әйел адамдар да істейді, бәрі келіп, сұрайды. Несие алып, тараттым", – деді бригадир Ардақ Асылбаев.

Соңғы кезде нысанда құрылыс заттары жоғалып, қосалқы жұмыс компаниясының өкілі бірнеше күн бұрын трансформаторды алып кеткен. Мұндай жағдайды болдырмас үшін бригада басшысы мен орындаушы мердігер компания өкілдері соңғы 2-3 айда құрылысшыларға қарызды қалтасынан төлеуге мәжбүр болған.

"Әбден ашынған жұмысшылар мен қосалқы компания өкілдері жасағандарын алып кетіп жатыр. Алдында төбелесіп те қалды. Бізде күзетке төлейтін ақша жоқ. Ұрлық пен қарақшылық басталады. Бірер күн бұрын бір мердігер трансформаторды алып кетті, енді бір бригада басшысы жұмыскерлерге ақшаны мүлкін сатып төлеп берді", – деді қосалқы мердігер компанияның өкілі Ильяс Наврузов.

Белбұлақ ауылындағы №10 мектептің осылай қаңырап жатқанына 3 жыл болды. Жұмыс жүргізілмей, кешігіп жатқаны былай тұрсын, қазірдің өзінде атқарылған жұмыстың сапасыз екенін айтып ата-аналар дабыл қағуда. Мәселен, мына шатырдан су ағып, қабырғаларға жарық түсті.

"Балалардың бәрі №32 мектепте үш аусымда оқиды. Егер жұмысшыларға ақшасын төлемей, олар кетіп қалса, көктемге дейін мектеп құрылысы сапасыз болады",  – деді Белбұлақ ауылының тұрғыны Серік Жекешев.

Ата-аналар мен жұмыскерлердің шағымын тыңдауға аудандық білім басқармасының заңгері келді. Оның айтуынша, бас мердігерді құрылыстан шектеуге қатысты сот отырысы 28 қарашада аяқталады. Заңгер мәлім еткендей, жұмысшылардың еңбекақысын өтеу үшін компанияға 96 миллион жіберуі қажет.

Шебердің  Үкімет алдында қарызы бар. Сондықтан барлық есеп шоты бұғатталған.  Ал біз оларға ешқандай ақша төлеп жатқан жоқпыз. Соңғы рет 96 миллион теңгеге құжат өткізді, жіберуге ақша жоқ", – деді Талғар ауданы білім бөлімінің заңгері Бағдат Таляұлы.

Осылай деген маман сәлден соң басқаша сөйледі.

"Біткен жұмыстың бәріне ақысын төледік. Ал 96 миллион теңгені аудара алмай отырмыз, өйткені есеп шоты жабық", – деді Талғар ауданы білім бөлімінің заңгері Бағдат Таляұлы.

Сондай-ақ мектептің уақытша ғимаратында әкімшілік аядай бөлмеде жұмыс істеуге мәжбүр. Бұл жерде мектеп басшылары, меңгерушілер мен медицина қызметкерлері бірге отырады. Яғни санитарлық норма сақталмаған.

500-ден астам оқушысы қазір өткен ғасырда салынған кішкентай ғимаратта білім алып отыр. Ата-аналардың айтуынша, небәрі 4 бөлмеден тұратын ескі білім ордасында балалар 3 ауысымда оқиды. Талғар ауданы білім бөлімінің мәліметіне сенсек, жауапсыз компаниямен келісімшарт айдың соңына дейін үзіліп, шешім шығады.

 Ал жаңа мердігер 15 желтоқсаннан кейін белгілі болмақ.

 Әйкерім Пернебек, Жақсылық Тілепберген, Алматы облысы

Оқи отырыңыз: Әскерден қашып жүргендерді көшеден ұстап әкетуге бола ма

Новости партнеров