Талғар ауданында жұртты дүр сілкіндірген қылмыстық іске нүкте қойылды

Шығарылған үкіммен жәбірленуші тарап та, айыпталушылар да келіспейді

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Кісі өлтіру, бала ұрлау, зорлық, бопсалау. Алматы облысы Талғар ауданында дүйім жұртты дүр сілкіндірген қылмыстық іске нүкте қойылды. Қызылқайрат ауылында болған жантүршігерлік оқиғаға қатысты басты айыпталушы 25 жылға бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Еске салайық, қайғылы оқиға былтыр 6 қыркүйекте болған. 28 жастағы ер адам сыбайластарымен бірге танысының ағасын қасақана өлтіріп, 3 жастағы қызды күштеп алып кеткен. Бұған дейін баланың анасын зорлағаны да айтылады. Тергеу нұсқасына сәйкес, ол алдымен әйелді қорлап, кейін бопсалаған. Жәбірленушілер бірнеше рет полицияға шағымданғанымен, нәтиже болмаған. Сот процесі осы уақытқа дейін жабық режимде өтті. Басты айыпталушыға адам өлтіру, зорлау, ұрлау және өзге де ауыр баптар бойынша айып тағылып, 25 жыл жаза кесілді. Іс бойынша тағы екі күдікті 17 жастағы жасөспірімдер 9 жылға бас бостандығынан айырылды.

«Еламан Маратұлы Айғазиновқа ҚР ҚК 190 бабы, 3-бөлігі 4 тармағымен, 287-баптың 3- бөлігі, 288-баптың 1 бөлігі, 120-баптың 1-бөлігі, 121-баптың 1-бөлігі, 149-баптың 2-бөлігі, 147-баптың 5-бөлігі, 115-бабымен, 132-баптың 4 бөлігі, 99-баптың 2-бөлігі 7-тармағымен, 125-баптың 3-бөлігі 2.1 тармағымен кінәлі деп танылып, 25 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалсын», – деді Қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы Асқарбек Бейімбетов.

Алайда үкіммен екі тарап та толық келіспеді. Жәбірленушілер басты айыпталушының өмір бойына бас бостандығынан айырылуын сұрап отыр. Ал айып арқалаған жасөспірімдердің жасын ескеріп, марқұмның анасы белгілі бір деңгейде кешірім танытқанын да жасырмады.

«Төрт немерем үйде шырылдап отыр. Соңғы немерем әкесін де көрген жоқ. Көзінен өкініш байқалмайды. Бұл адамнан ештеңе күтуге болмайды. Бұл адам емес. Ертең 25 жыл өте шығады. Өткеннен кейін, бала-шағамызға кім кепіл? Сот шешімімен келіспейміз», – деді марқұмның анасы Гүлнәр Бұрбаева.

«Талабымыз – Айғазиевті өмір бойы бас бостандығынан айыру. Өйткені ол жарыссөз алдында түнде уақытша ұстау изоляторында телефон қолданған. Адам өлтіру, кішкентай баланы ұрлап кету, адам зорлау фактісімен сотталған адамның телефон қолдануы түсініксіз болып тұр»,– деді жәбірленуші тараптың қорғаушысы Гауһар Сарыева.

Ал айып арқалаған азаматтардың туыстары үкімді тым ауыр деп санайды. Әсіресе сотталған екі жасөспірімнің туыстары олардың қылмысқа қатысы жоғын айтып, сот залында көз жасына ерік берді.

«Ешқандай дәлел жоқ. Бірге барған үшін ғана ұйымдасқан топ деп, 9 жыл беріп отыр. Кінәсіз 17 жастағы балалардың өмірін астан-кестен шығарды. Балалар ешқандай қару, пышақ ұстамаған», – деді сотталушының туысы Әсем Қалиасқарова.

Басты сотталушы жәбірленуші тарапқа 30 миллион теңге көлемінде моральдық шығын өтеуге міндеттелді. Ал кәмелетке толмаған тағы екі айыпталушының әрқайсысы 15 миллион теңгеден төлеуі тиіс.

Айта кетейік, шығарылған үкіммен жәбірленуші тарап та, айыпталушылар жағы да келіспейді. Екі тарап та оны қайта қарау үшін апелляциялық шағым түсіруге ниетті.

Әйкерім Пернебек, Жақсылық Тілепберген, Алматы облысы.

Оқи отырыңыз: Ақтөбеде қоқыс алаңынан табылған ер адамның өліміне кінәлі күдікті ұсталды

Новости партнеров