Талғарда бір топ адамның қолынан қаза тапқан Шерзат Болаттың өліміне қатысты тағы 3 күдікті ұсталды. Бұған дейін қылмыстық іс бойынша 7 адам тергелген, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Кеше кешке барлық әлеуметтік желіде Шерзат Болаттың қазасына қатысты бейнежазба тарады. Тергеу әрекеттері аяқталмай жатып жұртшылыққа жеткен видеода сол түні дүкеннің алдында болған жағдай көрсетілген.
Айта кетейік, бейнебақылау жазбасында оқиға бастан аяқ таспаланбаған, тек үзінділерден тұрады. Бүгін Алматы облысының өңірлік коммуникациялар брифингінде Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары мен прокуратура өкілдері аталған бейненің таралуына қатысты іс қозғалып, бөлек тергеудің басталғанын мәлімдеді. Ал аталған қылмыс бойынша күдікті деп танылғандардың саны 10-ға жетті. Тағы екеуі қылмыстық қудалау орбитасында, бірақ олардың мәртебесі-куәгер.
"Қылмыстың тарапында 7 қылмыскер, кейін тағы 3 қылмыскерді қамауға алдық. Олардың бәріне тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Оқиға орнынан алынған айғақ заттар бойынша сараптамалар тағайдалып, нәтижесі қылмыстық істі тергеу барысында жарияланады. Жаңа айтып кеткендей ішімдік сатқан және пробациялық бақылауда жүрген азаматтар бойынша аудандық ішкі істер басқармасы бойынша тексеріс өткізіліп, нәтижесін жариялаймыз", – деді ҚР ІІшкі істер министрінің бірінші орынбасары Бауыржан Әленов.
Алматы облысы бас прокурорының мәліметі бойынша, Марқұм Шерзат Болаттың өртенген үйінің орнынан резеңке қолғап пен канистр табылған. Бұл жағдай бойынша 600 адамнан мән-жай сұралған, бірақ күдіктілер әлі жоқ. Ал төбелеске қатысты бұзақылық, қорқыту, кісі өлтіру және қылмыс туралы хабарламау сынды бірнеше баппен іс қозғалғаны мәлім болды.
"Мамандар сараптаманың алғашқы нәтижелерін бөлісті. Олардың мәліметі бойынша, өрт үйдің сыртынан басталып, бөгде заттардың көмегімен тұтатылған. Канистр пен қолғапқа зерттеу жүргізіп жатырмыз. Тергеу әрекеттері барысында ешқандай заң бұзылмады. Келтірілген залалдың сомасы анықталып жатыр", – деді Алматы облысының прокуроры Берік Адамов.
Талғардағы кәмелетке толмаған баланың өліміне қатысты брифингте бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдеріне қылмыстық істегі басты айғақ– бейнекамераға жазылған видео көрсетілді. Онда бір топ кісі мен марқұм Шерзаттың және оның әкесінің арасындағы жанжалдың басы көрсетілген. Мамандар ұрыс “бір бөтелке сыраға” бола басталды деген алып-қашпа әңгіменің жалған екенін айтты.
Айта кетейік, аталған видео әлі сараптамадан өтіп жатыр, сондықтан қанды қылмыспен аяқталған жанжалдың нақты неден туындағаны әзірге белгісіз. Оқиға орнынан 3 пышақ пен 1 тапанша тәркіленді.
"Оқиға болған жерден қару болғаны турады ақпарат болды. Үш пышақ, бір мылтық. Ақпаратты толық айта алмаймын, анықталды, тергеу жүріп жатыр", – деді ІІМ Тергеу департаментінің бастығы Самат Аисов
Шерзаттың өліміне кінәлі деп қамауға алынған азаматтар бұрын да істі болған. Осыған қатысты пробациялық бақылау тізіміндегі азаматтардың сол түні емін-еркін көшеде жүргені заңсыз деп саналады. Бұған қатысты қызметтік тексеріс жүріп жатыр. Прокурор Берік Адамов жәбірленушілердің сұрауы бойынша сот процесі ашық түрде онлайн режимде өтуі мүмкін екенін де айтты.
Айта кетейік, Шерзат Болаттың қазасынан кейін міндетін тиісінше орындамағаны үшін Талғар қаласының әкімі мен оның орынбасары және аудандық аппарат басшысы қызметінен босатылды.
Әйкерім Пернебек, Жақсылық Тілепберген, Алматы облысы
Оқи отырыңыз: Шерзаттың өлімі: отбасы заңгері ақша жиғандардың үстінен арыз түсірді