Облыс басшысы өртенген үйді толық қалпына келтіруді тапсырды
Еңбекшіқазақ ауданы Азат ауылындағы өртке және Талғар ауданындағы жағдайға байланысты Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев жедел штаб отырысын өткізіп, шұғыл жиын өткізді. деп хабарлайды Almaty.tv облыс әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«Біз марқұмның отбасына көмектесу үшін бар күшімізді саламыз. Жағдай бақылауда, барлық құқық қорғау органдары күшейтілген режимде жұмыс істеп жатыр. Заңдылықты қамтамасыз ету үшін шұғыл шаралар қабылдау қажет. Барлық кінәлілер жауапқа тартылады», - деді Марат Сұлтанғазиев.
Сондай-ақ облыс басшысы өртенген үйді толық қалпына келтіруді тапсырды.
«Сонымен қатар отбасына материалдық және психологиялық көмек көрсетіледі», - деп атап өтті әкім.
Айта кетейік, зардап шегушілердің ата-аналарының баспанасы болғандықтан, ұсынылған көмектен бас тартты.
Еске салайық, 4 қазанға қараған түні Талғарда азық-түлік дүкені жанында жанжал болып, соның салдарынан 16 жастағы жасөспірім пышақ жарақатынан қаза тауып, тағы екі адам жарақат алған болатын. Аталған оқиғаға қатысты 7 адам қамауға алынды. Қаза болған жасөспірімнің туыстарының айтуынша, оларға шабуыл жасаған қарулы топтың құрамында 13 адам болған. Ал бүгін, яғни 12 қазанда түнде белгісіз біреулер марқұмның туғандары тұратын үйді өртеп жіберген. Бас прокуратура өрт оқиғасына қатысты істі жеке бақылауға алғанын мәлімдеді. Сондай-ақ марқұм Шерзат Болаттың әкесі Қаржаубай Нұрымов желіде видео жариялап, қантөгіс болғанын қаламайтынын, қаскөйлердің лайықты жаза алатынына сенетінін айтты.
Оқи отырыңыз: Талғардағы өртенген үйге ІІМ бірінші орынбасары барды