Астан қоңыз шықты: СҚО-да мамандар тамақтан алынған сынаманы зерттеуге дәрменсіз бе

28.11.2025 19:38

Солтүстік Қазақстандағы мектептердің бірінде оқушылар піспеген бәліш жеуге мәжбүр

Тамақ пен шырыннан қоңыз шыққан. Ал бәліштер дұрыс піспеген. Солтүстік Қазақстандағы мектептердің бірінде оқушылар осындай ас ішуге мәжбүр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Абай атындағы мамандандырылған қазақ мектеп-гимназиясындағы сұмдық жағдайдың жыры оқу жылы басталғалы бітер емес. Ал балалар әлі күнге дейін сапасы талапқа сай келмейтін асты жеуге мәжбүр. Ашуға булыққан ата-аналар талай мәрте шенеуніктерге де, санитариялық бақылау органдарына да шағымданғанын айтты. Алайда, нәтиже жоқ.

«Қыркүйектен бері шырылдап жүрміз. Оқушылар асханаға келгенде макаронның ішінен қап-қара қоңыздар шыққан. Оны ұялы телефонға түсіріп алыпты. Кейін тағы бір сурет пайда болды. Онда шырынның ішінде қоңыздар жүр. Бәліштерді де шикідей береді. Ал тәттілерге ұнтақ қант емес, ас содасы себілген», – деді Петропавл қаласының тұрғыны Алтынай Бекмұхамбетова.

Балаларының денсаулығына Жанар Аманжолова да алаңдаулы. Оның екі ұлы осы мектепте білім алады. Үлкені ыстық астан бас тартып, тек шай ғана ішіп жүрген көрінеді. Ал кішісі тіпті диареямен аурыпты.

«Мен үшін балаларымның денсаулығы маңызды. Олардың дәмді, әрі сапалы тамақпен қамтылғанын қалаймын. Асты тегін алмаймыз ғой», – деді Петропавл қаласының тұрғыны Жанар Аманжолова.

Бұл жағдайдың расымен де мәселеге айналғанын және ата-аналар тарапынан жиі шағым түсіп жатқанын мектеп медбикесі растап отыр.

«Бұл жағдайдың анық-қанығын білу үшін арнайы комиссия құрылды. Оның құрамында білім бөлімінің қызметкерлері мен мектеп әкімшілігі болды. Тағамдардан сынамалар алып, сараптамаға өткіздік. Алайда СЭС мамандары бұл фактіні тіркемеді. Олар «бізде бұл қоңыздың қандай жәндік екенін анықтайтын маман жоқ» деп шығарып салды», –  мектеп медбикесі Ғалия Тұтқұшева.

Ал балаларды 15 жылдан бері ыстық аспен қамтып отырған кәсіпкер өзіне тағылған айыпты мойындамайды. Сұхбат беруден бас тартқан ол қазір мектеп әкімшілігімен соттасып жатқанын айтып қалды.

«Мектеп директоры мені бұл істен шеттеткісі келетін сыңайлы. Алайда, менің де айтарым бар», – деді кәсіпкер.

Ал қалалық білім бөлімі асханаға санитариялық-эпидемиологиялық орган қызметкерлері тексеріс жүргізіп, олқылық анықтамағанын алға тартады. Десе де, ата-аналарға ас мәзірін бақылауына мүмкіндік бергенін айтты. 

«Жеке кәсіпкер Қапабаеваға барлық олқылықты жою туралы ескерту берілді. Егер бір ай ішінде жағдай түзелмесе, сотқа талап арыз беріледі», – деді Петропавл қалалық білім бөлімінің басшысы Динара Рақышева.

Алайда ата-аналар мұнымен келіспейді. Олар кәсіпкердің жұмысын тоқтауын талап етіп отыр. Бұл мақсатта олар білім басқармасы мен облыстық прокуратураға ұжымдық шағым жолдамақ.

Аяулым Көлжігіт, Петр Акутионов, Самат Жакупов, СҚО

Оқи отырыңыз: Алматы жастары: Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында іске асып келеді