Аталған проблеманы тазалыққа жауапты мамандар да жоққа шығармайды
Тараз қаласындағы су арналары қараусыз қалып, тұрмыстық қалдыққа әбден толған. Соның айқын мысалы – ұзындығы 1 шақырымнан асатын Қарасу каналы. Бірнеше шағынауданның ортасынан өтетін ірі су арнасының іші қоқыс пен қамысқа толып, санитарлық талаптарға сай келмейтін жағдайға жеткен, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Қарасу каналының Самал шағынауданынан өтетін бөлігі пластик бөтелкелер мен тұрмыстық қалдыққа толған. Тіпті су ішінен киім-кешек пен жол сөмкесін де көруге болады. Мұндай көрініс тұрғындардың наразылығын тудырып отыр. Олар мұндай жағдайға тазалыққа жауапты мекеменің салғырттығы салдарынан жеткенін айтты.
«Ағып жатқан судың ішінің бәрі қоқыс. Оны байқап жатқан ешкім жоқ. Тазалық сақтаудың ең бір жолы камера орнату», – деді қала тұрғыны Еркін Мырзақұлов.
Былтыр Тараз қаласына көршілес екі ауданнан бірнеше елдімекен мен шағынаудан қосылып, қала аумағы кеңейді. Алайда аумақтың ұлғаюы тазалық сапасына кері әсер етті. Қала орталығы біршама ретке келтірілгенімен, шеткері аймақтарда қоқыс мәселесі ушығып тұр.
«Таразда қаланың ортасы таза. Бірақ шет жақтары тазалау керек. Қонаққа барған кезде көреміз. Қала болғаннан кейін бәріне бірдей қарау керек», – деді қала тұрғыны Дильшод Мамаюсупов.
Аталған проблеманы тазалыққа жауапты мамандар да жоққа шығармайды. Дегенмен нақты нәтиже әзірге байқалмай отыр. Мекеме биыл қосымша жұмысшылар қабылдап, қызметкерлер санын мыңнан асыруды жоспарлауда.
«Жұмысшыларды штатқа алдық, 300-дей адам болады. Әр ауданға 100 адамнан бөліп береміз. Қалада 7 үлкен парк, 62 сквер, 120 көшеміз бар. Соның бәрін таза ұстау үшін адам қажет болып жатыр», – деді «Жасыл ел – тараз» ЖШС директоры Ғалымжан Қайназаров.
Қазіргі таңда мекеменің балансында 132 техника бар. Алайда оның 35-і жарамсыз күйде. Қалған техникалардың да пайдаланылып жүргеніне 10–15 жылдан асқан. Осы себепті биыл 81 техника лизинг арқылы алынбақ.
Нұрғиса Қаржаубай, Мейіржан Бейсебай, Тараздан
Оқи отырыңыз: Түркістан облысында бір отбасының үш адамы газдан уланып, көз жұмды