Тараз қаласына шығыс бөліктен кіретін жалғыз көпір апатты жағдайда

Алматы мен өзге 6 ауданнан қатынайтын көліктер де облыс орталығына ескі көпір арқылы өтеді

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Тараз қаласына шығыс бөліктен кіретін жалғыз көпір апатты жағдайда. 1970 жылдары салынған өткел ешқашан жөнделмеген, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Тараздың шығыс бөлігінде арнасы кең Талас өзені ағып жатыр. Өзеннің арғы бетіндегі тұрғындар осы өткелмен қалаға қатынайды. Сонымен қатар Алматы мен өзге 6 ауданнан қатынайтын көліктер де облыс орталығына ескі көпір арқылы өтеді. Сондықтан 50 пайыз тозып тұрған нысанды тез арада жөндеу қажет.

"Апатты жағдайда жүк көліктері өтіп жатыр. Өте қауіпті, құлап кетпей тұрып, жөндеу керек", – деді қала тұрғыны Лейла Шакирова

Қазір апатты көпірмен тәулігіне 20 мыңнан аса көлік қатынайды. Өткелдің бетон жабындылары үгітіліп, іргетасы отырған. Тұрғындардың айтуынша, 22 жыл бұрын бір бөлігі құлап, тұрғындар жазым бола жаздаған.

"Ортасы бұрын ашық болған. Талай апат болды.  Машина өткенде тарсылдайды,  көпірдің бәрі қимылдайды", – деді қала тұрғыны Әділхан Мелдебеков.

Ал жергілікті билік 2022 жылы көпірге зерделеу жұмыстарын жүргізген. Сол кезде ғана ресми апатты деп таныпты. Сөйтіп жобалық сметалық құжат жасап қойған. Бірақ оған қажет 6,4 миллиард теңгені қала бюджеті бөле алмайды.

"Сараптама қортындысының негізінде сейсмологтарды алып барып зерделедік. Бұл жерде судың ағысы бар және де қыстыгүні мұз қатады. Сондықтан діңгектерінің асты зақымданған. Көлік санының артуына байланысты аса маңызды көпірдің бірі болып тұр. Жоба толығымен жасалды. Толығымен қайта жөндеуден өтеді", – деді Тараз қаласы әкімінің орынбасары Нұрсұлтан Исабеков.

Қала әкімдігі қажетті қаржыны сұрап республикалық бюджетке өтінім берген. Қолдау тапқан жағдайда құрылыс жұмыстары келер жылы басталады.

Айта кетейік, сейсмологтар апатты көпірді ең көбі 5 жыл пайдалануға болатынын айтып, шешім шығарған. Дегенмен өткелдің жыл санап қауіпті нысанға айналып жатқанын мамандар да жоққа шығармайды.

Нұрғиса Қаржаубай Мейіржан Бейсебай, Тараз

Оқи отырыңыз: Каспий жағалауынан итбалықтардың өлексесі табылды

Новости партнеров