Таразда 13 жастағы қызды ұрламақ болған 2 ер адам ұсталды

18.02.2026 16:59

Полиция қызды қарақшылар қолынан құтқарып қалған азаматты да іздестіріп жатыр

Таразда айдың күннің аманында 13 жастағы қызды ұрламақ болған 2 ер адам ұсталды, деп хабарлайды Аlmaty.tv.

Олар оқушыны Көшек батыр көшесіндегі аялдамада тұрған жерінен автокөлікке салып, алып кетпек болған. Абырой болғанда, сол сәтте жолай өтіп бара жатқан қала тұрғыны араша түскен. Сөйтіп жасөспірімді көлікке сүйреп кіргізіп жатқан жерінен алып қалыпты. Оқиға аялдама маңындағы бір үйдің бейнебақылау камерасына түсіп қалған. Көлігіне мініп дереу ізін суытқан күдіктілер көп ұзамай қолға түсіп, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қазір аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүріп жатыр.  Сондай-ақ полиция қызды қарақшылар қолынан құтқарып қалған азаматты да іздестіріп жатыр.

«Оқиға орнына полиция қызметкерлері шұғыл жетті. Күдіктілер ұсталып,  ұстау изоляторына қамалды. Қазіргі уақытта болған оқиғаның барлық мән жайын жан-жақты анықтауға бағытталған тергеу шаралары кешені жүргізілуде. Балалардың қауіпсіздігіне кез келген қол сұғушылық ерекше бақылауда. Қолданыстағы заңнама аясында қатаң түрде жолы кесілетін болады», - деді облыстық Полиция департаментінің ресми өкілі Құндыз Бөгенбаева.

Оқи отырыңыз: Қызылорда қаласының іргесіндегі саяжайлардың біріне көгілдір отын берілді