Таразда 500-ден аса көпқабатты үйді күрделі жөндеу қажет

02.10.2024 20:20

Аса шағынауданындағы 180 пәтерлі үйге де 35 жылдан бері көңіл бөлінбеген

Таразда бес жүзден аса көпқабатты үй күрделі жөндеуді қажет етіп тұр. Олардың басым көпшілігі 1970-80 жылдары салынған, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Таразда 1400-ден аса көпқабатты үй болса, соның 35 пайызға жуығын тез арада жөндеу керек. Себебі 40 жыл болған баспаналардың инженерлік желілері тозып, шатырынан аққан су жертөлеге жететін болған. Ауыз су, кәріз жүйелері шіріп, жөндеуді қажет етіп тұр. Шаһардағы кейбір көпқабатты үйлердің сыртқы сылағы да сыпырылып қалған. Аса шағынауданындағы 180 пәтерлі үйге де 35 жылдан бері көңіл бөлінбеген.

"Жертөленің іші шіріп жатыр. Құбырлар тозған", – деді қала тұрғыны Сейсенкүл Юсупова. 

Тұрғындардың үйін жөндеп алуға қаражаты жетпейді. Мәселенің бір ғана шешімі бар. Ол – тұрғын үйлерді жаңғырту бағдарламасы аясында баспананы қайта қалыпқа келтіру. Аталған бағдарлама бойынша биыл 53 үй жаңғыртылмақ. Қазір құрылыспен 23 мердігер айналысуда. Бюджеттен 5 миллиард 86 млн теңге бөлінген.

"Бұл жұмыстарды қыркүйекте бастадық. Себебі қаражат тамыздың соңында  түсті. Жылыту маусымына дейін жертөледегі инженерлік инфрақұрылымды толық ауыстырамыз. Шатырды жабу жұмыстарын 20 қазанда аяқтауды жоспарлап отырмыз", – деді  «Тұрғын үй жөндеу Тараз» мекемесінің директоры Алмат Радикұлы

Жаңғырту кезінде ескі үйлердің жертөлесі мен кіреберістері жөнделіп, сыртқы келбеті қалыпқа келтіріледі.  Ауыз су мен кәріз, жарық желілері толықтай ауысады. Мұның бәріне қаржы республикалық бюджеттен пайызсыз несие ретінде беріледі. Ал тұрғындар сол берешекті 15 жылда қайтаруы тиіс. Жергілікті билік келер жылы да 50-ден аса көпқабатты үйді жөндемек. Соның өзінде тозған барлық баспананы қалпына келтіру үшін 10 жыл уақыт керек.

Нұрғиса Қаржаубай, Мейіржан Бейсебай, Тараз

Оқи отырыңыз: Басшылық берекемізді алды: жұмыссыз қалған саудагерлер шағым айтты