Таразда қызметкерлерге 5 жыл әлеуметтік төлем аударылмағаны анықталды

12.03.2026 15:32

Заңбұзушылықты анықтаған прокуратура мамандары мәселені шешіп, берешек толық өтелді.

Таразда 2500-ден аса қызметкерге 5 ай бойы әлеуметтік төлемнің бір де бірі аударылмаған, деп хабарлайды  Almaty.tv тілшісі.

Олардың көбі қалалық білім бөліміне қарасты мемлекеттік балабақша қызметкерлері. Яғни жұмыс берушілер 1895 маманға 283 миллион теңге көлеміндегі зейнетақы жарнасын аудармаған. Сондай-ақ қала тазалығына жауапты мекеменің жұмысшыларына да міндетті медициналық және әлеуметтік сақтандыру жарналары төленбеген. Жалпы кәсіпорынның 650 жұмысшыға 20 миллион теңгеден астам қарызы бары белгілі болды. Заңбұзушылықты анықтаған прокуратура мамандары мәселені шешіп, берешек толық өтелді.

«Прокурорлық қадағалау актілерінің негізінде жалпы сомасы 300 миллион теңге зейнетақы жарналары толықтай өтеліп, 34 мектепке дейінгі ұйымның бірінші басшылары әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Заңдылықты бұзушылық бір жыл ішінде қайталанатын болса, айыппұл түріндегі жаза тағайындалады», – деді қалалық прокуратураның бөлім прокуроры Саламат Әбітбекова.

Оқи отырыңыз: Жамбыл облысында ыдыс-аяқ "сататын" ерлі-зайыптылар сотталды