Таразда терезеден лақтырып жіберген екі баланың жағдай белгілі болды

09.02.2026 19:20

Бүлдіршіндер облыстық көпбейінді балалар ауруханасының жансақтау бөлімінде жатыр

Таразда екі баласын 5-қабаттан лақтырып жіберген әйелге қатысты қылмыстық іс қозғалды. Қайғылы оқиға Төле би көшесіндегі жатақханалардың бірінде болған. Көршілерінің айтуынша, келіншек күйеуімен жанжалдасып қалған көрінеді. Сөйтіп оған ерегесіп, 5 жастағы қызы мен 3 жастағы ұлын терезеден тастап жіберген, деп хабарлайды Almaty.tv

Кейін өзі де секірмек болғанға ұқсайды. Бірақ соңғы сәтте өзін тоқтатқан. Ал балалар құқығы жөніндегі уәкіл Динара Зәкиева балалардың анасы бұрын күйзеліске ұшырағанын, бірақ толық емделмегенін мәлімдеді. 36 жастағы әйел қазір уақытша ұстау изоляторына қамалды.

«Аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Күдікті анықталып ұсталды және уақытша ұстау изоляторына қамаққа алынды. Кәмелетке толмаған екі бала ауруханаға жатқызылды. Қазіргі уақытта барлық тергеу іс шаралары жүргізілуде», – деді Жамбыл облыстық ПД баспасөз хатшысы Құндыз Бөгенбаева.

Қазір бүлдіршіндер облыстық көпбейінді балалар ауруханасының жансақтау бөлімінде жатыр. Дәрігерлердің айтуынша, олардың жағдайы ауыр. Биіктіктен қатты құлаған соң, аяқтары мен жақ сүйектері сынған, миына зақым келіп, ісіп кеткен.

 «Қазіргі таңда балалардың жағдайы тұрақты ауыр. Аяқ жарақатын алған қызға ота жасауды жоспарлануда. Екінші бала бойынша ақпарат, бас миының жарақаты және денесінің бетінің көптеген сырылу жарақаты бар», – деді Жамбыл облыстық көпбейінді балалар ауруханасының бас дәрігері Мәулім Кенжалы.

 

 

 

 

 

 

 

Теги: Тараз