Керуен сарайы – XІ ғасырда бой көтерген аймақтағы құнды тарихи орындардың бірі
Таразда 90 пайызға тозып тұрған тарихи нысан қайта жаңғыртудан өте бастады, деп хабарлайды Аlmaty.tv.
«Төрткүл» керуен сарайы – XІ ғасырда бой көтерген аймақтағы құнды тарихи орындардың бірі. Тарихи деректерде нысанның ХІІІ ғасырға дейін ірі сауда орталығы болғаны айтылады. Мұндағы алғашқы қазба жұмыстары 1980 жылы жүргізілді. Кейін 2000 жылы қайта археологиялық зерттеу жұмыстары жасалған. Ол кезде 7 мыңға жуық жәдігер табылып, сарайдың пішіні мен қабырғасының биіктігі анықталды.
«Бұл жерден керуен-сарайға тән қонақтарға арналған әртүрлі бөлме, тұрмыстық-шаруашылық мақсаттағы орындар табылды. Сондай-ақ исламтану кезеңіне жататын көне мешіттің қалдықтары анықталды. Көптеген керамикалық ыдыс та табылды. XI–XIII ғасырларға жататын Қараханидтер дәуірінің теңгелері арқылы нысанның мерзімін анықтадық», – деді тарихшы-археолог Ескендір Төрбеков.
Көне қамал 2014 жылы аспанасты мұражайы ретінде ашылды. Жібек Жолы бойындағы маңызды туристік нысандар тізіміне енді. Дегенмен соңғы жылдары қараусыз қалып, 10 жылдан аса уақыт жөндеу көрмеді. Салдарынан кешен 90 процент тозып кеткен. Қамалының кірпіштері үгітіліп, шатыры тесілді. Электр сымдары үзіліп, белгілері қирады. Соңғы уақытта есігіне қара құлып салынып, мүлде жабылған болатын. Мәселені шешу үшін қала билігі жоба жасап, қыс мезігіліне қарамастан жөндеу жұмысын бастап кетті.
«Ішіндегі ғимараттың біреуін дизайнерлермен ақылдасып, ішін көне XIII ғасырдағы келбетін сақтаймыз. Іші-сыртының бәрі Самарқандтан келетін күйген кірпішпенен қапталады. Еденге тас дайындап жатырмыз. Кәріз құбырын ауа райына байланысты тарта алмай жатырмыз», – деді мердігер компанияның өкілі Елдос Бегімбаев.
Төрткүл керуен сарайын қайта жаңғыртуға жергілікті қазынадан 863 миллион теңге бөлінді. Мұнда қолөнершілерге арналған көрме залы мен әкімшілік ғимарат болады. Түрлі іс-шаралар үшін сахна салынады. Кешен жыл 12 ай жұмыс істеу үшін жылу жүйесі де жүргізіледі. Қазір Керуен Сарайдың құрылысы 45 пайыз аяқталған.
Нұрғиса Қаржаубай, Мейіржан Бейсебай, Тараздан
Оқи отырыңыз: Нөсер жауын: Шымкентте тұрғындар үйіне кіре алмай қалды