Дәрігерлердің айтуынша, соққы жүрекке өте жақын жерге тиіпті
Таразда екі кештің арасында жолаушы автобус жүргізушісін пышақтап тастады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Оқиға сағат 20:00 № 11 бағыттағы қоғамдық көлікте болған. Куәгерлердің сөзінше жолаушы мен жүргізуші арасында жанжал туып, 40 жастағы ер адам 59 жастағы автобус жүргізушісіне пышақ ала жүгірген. Жарақат алған жүргізушіні жедел жәрдем бригадасы қалалық көпсалалы ауруханаға жеткізген.
Алдын ала мәлімет бойынша оның сол жақ қолтық тұсында пышақ жарақаты анықталған. Дәрігерлердің айтуынша, соққы жүрекке өте жақын жерге тиіпті. Оқиға орнына жедел жеткен полиция қызметкерлері күдіктіні ұстады.
Қазір ол қамауға алынып, қылмыстық іс қозғалды.
«Түскен науқас кешкі мезгілде келген. Өкпенің тұсынын пышақ сұққан. Оған жарақат пунктінде ревизиялық шара қолданады. Хирург пен травмотолог көріп, науқастың жағдайы ауыр емес, үйіне жіберілген», – деді қалалық Көпбейінді аруханасының бөлім басшысы Нұржан Әбдіраимов.
Оқи отырыңыз: Астана әуежайынан ұшатын 20 рейс кейінге шегерілді