Тараздағы «Қарасу» арнасы қараусыз қалған

16.07.2025 19:27

Су арнасы 7 шақырымға созылып жатыр

Тараздың қақ ортасында орналасқан «Қарасу» су арнасы қараусыз қалған. Тұрғындардың сөзінше, кейінгі 2 жылда әкімдік арнаны тазартуды мүлдем қойған, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Қала ортасымен өтетін «Қарасу» су арнасы 4 шағынауданның арасында орналасқан. Тұрғындар серуендеп, бой сергітер орын болған аймақ кейінгі жылдары қараусыз қалған. Бұлақ көзі бөтелкеге толып, арнасы қоқыстан арылмай тұр. Жағасын адам бойынан асар қамыс қаулаған.

«Демалуға келе алмаймыз. Айналасы қоқысқа толған. Жарық жанбайды. Өтіп бара жатқан кезде жүрегіміз ауырады. Үйі жоқ адамдардың мекеніне айналды», – деді қала тұрғыны Алмагүл Жандарова.

«Қарасу» су арнасының бір бөлігі 5 жыл бұрын демеушілер есебінен абаттандырылған. Бірақ күтімі болмаған соң, ол тұсты да қоқыс басып, қамыс жайлапты. Дегенмен шаһар билігі олқылықтың орнын толтырамыз деп отыр. Ол үшін жоба жасап, канал бойын саябаққа айналдырмақ. Әкімдік 1.2 шақырымды жаңғырту үшін жергілікті бюджеттен 1 млрд 150 млн теңге жұмсайды. Жоба мақұлданса, келер жылы канал бойы адам танымастай түрленбек.

«1500 квадрат балалар ойын алаңшасы, 500 шаршы метр қарттарға арналған демалыс аймағы болады. Бұл аймақтарға брусчатка төселеді. Қамыс өсетін аумақтардың барлығы бетондалады», – деді қала әкімінің орынбасары Нұрсұлтан Исабеков.

«Қарасу» су арнасы 7 шақырымға созылып жатыр. Жауаптылар соның 4.1 шақырымы жөнделетінін айтып отыр. Жалпы Таразда 8 су арнасы болса, тек «Түйте» арнасының бір бөлігі абаттандырылған. Барлығын көгалдандырып, демалыс аймағына айналдыруға 20 млрд теңге қажет.

Нұрғиса Қаржаубай, Мейіржан Бейсебай,Тараздан

Оқи отырыңыз: Маңғыстау облысындағы жағажай неге ластанған