Әуежай қызметкерін кепілге алған ер адамға үкім кесілді

16.07.2025 19:37

Ол 11 жылға бас бостандығынан айырылды

Әуежай қызметкерін кепілге алып, шу шығарған ер адамға үкім кесілді. Ол 11 жылға бас бостандығынан айырылды. Бұл туралы Түрксіб аудандық сотында өткен қорытынды отырыста айтылды, деп хабарлайды Almaty.tv.

Көпшілікті алаңдатып, жұртты елең еткізген іске нүкте қойылды. Бұған дейін сот процесі қысқартылған тәртіпте қаралды. Тараптардың сөзі тыңдалды, прокурор сотталушыға 10 жыл 6 ай сұрады. Ал судья оның бұған дейін де жазаға тартылғанын, кінәсін мойындағанын ескеріп, 11 жылға бас бостандығынан айыру туралы шешім шығарды.

«Сот мынадай шешімге келді. Машрапбек Баратов бұған дейінгі жазасы ескеріле отырып, 11 жылға бас бостандығынан айырылады. Сондай-ақ сот шығындары мен жәбірленушіге жәрдемақы ретінде ол шамамен 80 мың теңге төлеуге міндетті», – деді судья Анар Қарашева.

Соталушы «Кепілге алу», «Қару қолдану арқылы бұзақылық», «Террористік акт туралы көрінеу жалған ақпарат тарату» баптары бойынша жазаға тартылды. Еске салайық, оқиға 7  наурызда болған. Сол күні Машрапбек Баратов әуежай қызметкерін кепілге алып, пышақпен қорқытқан. Одан бөлек, сөмкесінде жарылғыш зат барын айтып, көпшілікті әбірге салған еді. Бұл іс-әрекетін ол өз басынан өткен күйзеліс әсерімен байланыстырған. Десе де, кейін сотта қателігін мойындап, жәбірленушілерден кешірім сұраған ол енді жазасын қауіпсіздігі орташа деңгейдегі мекемеде өтейді.

Рүстем Айткәрім, Жақсылық Тілепберген

Оқи отырыңыз: Түркістан облысында заңсыз балық аулағандар сотталды