Тараздағы оқушылары тар мектепте оқуға мәжбүр

08.10.2026 19:46

Төрт сыныптық бастауыш мектепте 4-ақ кабинет бар

Тараздағы Қызылабад шағынауданының оқушылары тар мектепте оқып жатыр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Қызылабадтағы шағын білім ошағы алғашында кәдімгі баспана болған. 1986 жылы 45 орынға шақталған нысанда 66 бала  2 ауысымда білім алып жатыр. Төрт сыныптық бастауыш мектепте 4-ақ кабинет бар. Оның үшеуі сынып болса, бір кабинет 9 педагог пен асханаға. Мекемеде акт залы мен спорт залына орын жоқ.

«Ауылға 5 көше қосылды. Жанымыздан Шаңырақ елдімекені бой көтерді. Ал балалар  №56 және №57 мектепке қатынап оқиды. Қалған балалар ата-анасымен бірге қаладағы мектептерге барып, білім алып жүр», – деді қала тұрғыны Ережепбай Бекеев.

Шағынауданда 450-ден астам бала бар. Оқушылар шағын мектепке сыймаған соң басқа білім ошақтарына қатынап оқуға мәжбүр. Жалпы аумаққа мектеп салу үшін 2017 жылы жер бөлінген. Бірақ жоба тұралап қалған.

Айта кетейік, жаңа мектеп үшін алқаптан 2,6 гектар жер бөлініпті.

«Қызылабадқа 2025 жылы мектеп салу жоспарда тұрған. Биыл әлі мектеп салынған жоқ», – деді Жамбыл облыстық мәслихатының депутаты Оралхан Дәуіт

Ал білім бөлімінің басшылары бөлінген жер теліміне мектеп салынатынын айтты. Бірақ кірпіші қашан қаланатыны белгісіз. Тек 2029 жылға дейін салынуы тиіс деген жоспар бар. Әзірге көмірмен отырған ағарту ошағына көгілдір отын кіргізіп бермек.

«Аталған мектепке техникалық өтінім алынды. Енді сметалық-жобалық құжаттама әзірленуде. Дайын болса, бюджетке өтінім ұсынамыз», – деді білім бөлімі басшысының орынбасары Алмас Бердібаев

Биыл аядай мектепті жылыту үшін 500 мың теңгеге 16 тонна көмір алынған. Ал келесі жылы мектеп газбен жылытылмақ.

Нұрғиса Қаржаубай, Мейіржан Бейсебай, Тараздан

Оқи отырыңыз: «Оқитын ұлт» бастамасы: Алматының Түрксіб ауданында заманауи кітапхана ашылды

 

 

 

 

 

Толық көрсету