Тариф қымбат, жылу жоқ: Талғар ауданы тұрғындары аязда тоңып отыр

23.01.2026 19:17

Балабақшалар жұмысын уақытша тоқтатып, балаларды қабылдаудан бас тартқан

Алматы облысы Талғар ауданындағы Белбұлақ, Тұздыбастау, Жалғамыс елдімекендерінде аяз басталғалы газ қысымы төмендеп кеткен. Салдарынан қараша үйін өз бетінше жылытумен әлек, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Тұрғындардың айтуынша, Талғардағы Белбұлақ ауылының жылу жүйесі қытымыр қысқа төтеп бере алмай, бірнеше айдан бері тұрақсыз. Қысымның жиі төмендеуінен газ плиталары толық жанбай, халыққа үй жылыту қиынға соғып отыр. Алайда жағдай төлемақыға әсер етпеген. Керісінше, түбіртектегі сома жаңа жылдан бері еселей түскен. Газ сапасы мен бағасының сәйкессіздігіне наразы жұрт әкімдік алдына жиналып, шағымын жеткізді.

Температураның төмендегені сонша, балабақшалар жұмысын уақытша тоқтатып, балаларды қабылдаудан бас тартқан.

«Газдың қысымы түсіп кетіп, халық үйді жылыта алмай. қатып қалғандары да болды. Ал бағасын көтеріп жатыр. Не үшін? Не ойлағаны бар?» – деді Белбұлақ ауылының тұрғыны Серік Жекешев.

 «Жылдан жылға газ мәселесі қиындап бара жатыр. Делдел бір-ақ компания, басқа жұмыс жасап жатқан компания қызмет етсе, баға тұрақталады. Жаңа жылдан бері тариф 2 есе көтерілді. Біз 36 теңгеден төлеп келдік, қазір 54 теңге болды. Қыстық тариф жаңа жылдан кейін 55 мыңға шықты. Айлыққа қарап отырған қарапайым қазаққа бұл – үлкен соққы». – деді Белбұлақ ауылының тұрғыны Айдос Әбдіқадіров.

Газ тапшылығы әлеуметтік нысандарға да әсерін тигізіп отыр. Мектептер мен балабақшаларда, сондай-ақ пошта бөлімшесінде жылу жеткіліксіз. Түсірілім тобы барған сәтте жұмысшылар кабинеттерінде сырт киіммен отыр.

Ауданнан келген жылу жүйесіне жауапты мамандар мен мердігер компания мәселені маусымдық жүктемеге салып, «аязды күндері бұл қалыпты жағдай» деп түсіндірді. Олардың айтуынша, температура төмендеген кезде тұтыну көлемі артып, жүйеде қысым төмендейді. Алайда мердігер ұйым халықтың бірнеше аптадан бері жылусыз отырғанынан хабарсыз көрінді. Жиналған жұрттан  «неге жылусыз отырдыңыздар?» деп сұраған маман халықтың ашуына тиді.

«Мен жаңа естіп тұрмын, Белбұлақта тексерейік десек, шағым жоқ», – деді  «Жетісу газ» ЖШС бас инженері Ілияс Баймұхамедов.

«Газды бөліп отыратын щиттардың қысымын көтеретін болсақ, құбырларды жарып жіберуі мүмкін. Сондықтан керекті қысымды беріп отырамыз. Халық барыншы көтереді. Дегенмен қазір жағдай қалыпты», – деді Талғар ауданы ТҮКШ және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басышысы Бауыржан Қашқынбаев.

Тарифтің өсуіне қатысты жауапты мекемелер жаңа Салық кодексіндегі өзгерістерді алға тарты. Олардың мәліметінше, баға заң талаптарына сай түзетілген. Тілшілер төбе көрсеткеннен соң ауылда газ қысымы тұрақталды.

Әйкерім Пернебек, Рашидин Якупов, Алматы облысы

Оқи отырыңыз: Жамбылда жетінші сынып оқушысына жездесі зорлық көрсеткен