Тарих назарынан тыс қалған парақтар: Алтын Ордадағы әйелдердің саясаттағы рөлі қандай

22.07.2026 19:58

Тарихшылардың айтуынша, тарихи сын-қатер кезеңдерінде олар биліктің тұрақтылығын сақтауға үлес қосқан

Almaty.tv

Алтын Ордадағы әйелдердің ел басқарудағы орны тарих назарынан тыс қалып келген. Бұл туралы Алматыда өткен ғылыми конференцияда талқыланды, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.

Тарихшылардың айтуынша,  тарихи сын-қатер кезеңдерінде олар биліктің тұрақтылығын сақтауға үлес қосып, маңызды келіссөздерге қатысып, дипломатиялық миссияларды атқарған. Ал мұрагерлер кәмелет жасына толмаған жағдайда уақытша билік тізгінін қолына алған. Ғалымдардың пікірінше, Алтын Орданың саяси тарихын әйелдердің мемлекеттік істердегі орнын зерттемей толық түсіну мүмкін емес.

«Бұл жиынға тарихшылар, деректанушылар, мәдениеттанушылар мен философтар қатысты. Себебі әйелдердің мемлекет дамуындағы рөлі – бірнеше ғылым саласын қамтитын пәнаралық зерттеу бағыты. Әйелдер ежелден отбасы байланыстарын нығайтып, шаруашылық жүйенің қалыптасуына және әулеттер арасындағы некелік қатынастарды дамытуға ықпал еткен», – деді әлеуметтану ғылымдарының докторы Шолпан Жаманбалаева.

Тарихшылардың айтуынша, музей экспозициялары мен ғылыми еңбектерде ұзақ уақыт бойы тұрмыстық бұйымдар, әшекейлер мен дәстүрлі киімдерге басымдық беріліп келген. Ал ханның жұбайлары өмірлік серік ретінде ғана қарастырылмай, олардың саясаттағы ықпалы зерттеліп жатыр.

«Пәнаралық зерттеулер әйелдердің тарихи келбетін қалпына келтіруге мүмкіндік беріп отыр. Бүгінде олар анонимді тұлға ретінде емес, ғылыми деректер негізінде жан-жақты зерттелуде. Ал сүйек қалдықтарына жүргізілген ДНҚ сараптамасы олардың шыққан тегі мен әулеттік байланысын анықтауға жол ашты», – деді тарих ғылымдарының кандидаты Теңлік Далаева.

Оқи отырыңыз: Адам бол: ұлттық дәстүр мен заманауи тәрбие қалай үйлесуі керек