Алматыда үшем дүниеге келді
Әр сәбидің жеке плацентасы мен ұрық қабы болып, үшеуі бір-бірінен бөлек дамыған
2026 жылдың басынан бері Алматыда 603 егіз және алты үшем дүниеге келді. Солардың бірі жуырда №2 қалалық перинаталдық орталықта дүниеге келген үш ұл. Бұл туралы Алматы қаласы Денсаулық сақтау басқармасының өкілдері айтты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі
27 жастағы алматылық бірден үш ұлдың анасы атанды. Осылайша, отбасындағы ұлдардың саны төртке жетті. Үшемдердің төрт жастағы ағасы бар.
Жүктілік трихориалды триамниотикалық түрде өткен. Яғни, әр сәбидің жеке плацентасы мен ұрық қабы болып, үшеуі бір-бірінен бөлек дамыған. Сәбилер кесар тілігі арқылы дүниеге келді.
Нәрестелердің салмағы 1740 грамнан 1978 грамға дейін, ал бойы 34-37 сантиметр аралығында болды. Ата-анасы ұлдарына Омар, Мирас және Мүслім деп ат қойды.
Дүниеге келгеннен кейін сәбилердің біріне алғашқы күндері қарқынды респираторлық қолдау қажет болды. Ол екі күн бойы өкпені жасанды желдету аппаратына қосылды. Қазір үш нәресте де СИПАП-терапия алып жатыр және дәрігерлердің тұрақты бақылауында. Мамандар олардың жағдайында оң динамика байқалып отырғанын атап өтті.
Үшемдердің анасы ұлдарын алғаш көрген сәт ерекше толқынысқа толы болғанын айтады.
«Балаларымды алғаш көргенде қатты уайымдап, жылап жібердім. Өйткені олар өте кішкентай әрі әлсіз көрінді. Бірақ орталық қызметкерлері маған үлкен қолдау көрсетті. Олар медициналық көмекпен қатар, психологиялық тұрғыдан да демеу болды. Дәрігерлер мен орталықтың барлық қызметкеріне қамқорлығы, ықыласы және қолдауы үшін шын жүректен алғыс айтамын», – деді ол.
Сәбилер №2 қалалық перинаталдық орталық мамандарының тұрақты бақылауында.
Оқи отырыңыз: Вирусқа қарсы қадам: 2027 жылдан бастап Қазақстанда ұл балаларға да АПВ екпесі салынады