Тас, темір және ағаштан түйін түйген қолөнерші: Жамбылдық шебер жүздеген шәкірт тәрбиелеп отыр

18.08.2026 16:41

өгершін ауылының тұрғыны Сейіт Төреқұлов 36 жыл жылдан бері қолөнермен айналысады

Жамбыл облысында қолөнердің бірнеше түрін  меңгерген шебер тұрады. Тұрар Рысқұлов ауданының тұрғыны Сейіт Төреқұлов тас, темір, ағаш пен тері сынды заттардан түрлі бұйым дайындайды. 2 мыңнан аса ертоқым, сауыт-сайман мен қылыш сынды бұйым жасап, шәкірт те тәрбиелеп отыр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Көгершін ауылының тұрғыны Сейіт Төреқұлов 36 жыл жылдан бері қолөнермен айналысады. Жастайынан темірден түйін түйіп, ағаш жонып өскен. Ат әбзелін жасауға да жаны құмар шебер 5 мыңға жуық туынды жасаған. Солардың арасында бүтін ағаштан ойылып жасалатын «құранды ертоқым» да бар.

«Орыс ерден айырмашылығы құранды ерді екінің бірі істей алмайды. Бұрынғы мықы ұсталар аз ғой. Оны мықтылап шапса, оған жететін ер жоқ қой. Ол айнымайды. Ал орыс ер ары-бері ат аунағанда темірі майысады», – деді қолөнерші Сейіт Төреқұлов

Шебер темірді иіп түрлі қанжар, сауыт-сайман да жасайды. Өнерін өзгеге де үйретіп жүр. Үйренем деген жастың бетін қақпай бәрін қабылдайды. Бүгінге дейін 100-ге жуық ауыл баласын ұлттық өнерге баулыған.

«Сейіт ағаның жанында жүргеніме 3 жыл болды. Қамшыны бір айда жасадым. Ағашн қалдықтарды кәдеге жаратамыз. Болашақта ер тоқым жасауды жалғастырғым келеді», – деді шәкірт Әбдірахман Елебек.

Қолөнерші ауладағы шағын шеберханасын кеңейтіп жаңасын салсам дейді. Ал бұған аудан әкімдігі көмек көрсетуге әзір. Соңғы 3 жылдың өзінде 200-ге тарта ауылдық азаматы қайтарымсыз грант алған. Шебер де сол бағдарламаға қатыспақ.

«Қайтарымсыз грант аты айтқандай әлеуметтік осал топтарға бағытталған. Оның өзінің 5 категориясы бар. Егер ол кісі сол категорияға кіретін болса, биыл өтіп кетті. Келесі жылы қатысуға болады», – деді Тұрар Рысқұлов аудандық кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Сүйеу Әбіков.

Сейіт Төреқұлов алдағы уақытта жеке көрме өткізуді жоспарлап отыр. Жалпы аймақта қолөнер ісі жақсы дамыған. Тараз қаласының өзінде 200-ден аса шебер бар.

Нұрғиса Қаржаубай, Мейіржан Бейсебай, Жамбыл облысынан

Оқи отырыңыз: АҚШ Қазақстанды туристер үшін қаупсіз елдердің қатарына қосты

Толық көрсету