Олардың 30 пайызы шетелдіктер
Атырау облысында туризм саласы күн санап дамып келеді. Әсіресе Қиғаш өзенінің жағалауындағы демалушылардың саны артқан. Оларды аймақтағы тарихи орындар мен қоршаған орта ерекше қызықтырады. Шетелдіктердің айтуынша, бұл аумақ – табиғат пен жануарлар үйлесім тапқан ерекше мекен, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.
Құрманғазы ауданындағы жасыл белдеу туристердің қызығушылығын арттырып отыр. Адамдар Аққу аралы мен лотос алқабы сынды табиғаттың ерекше таңғажайып құбылысын тамашалауға жер-жерден келіп жатыр. Осыған орай «LOTUS FEST-2026» фестивалі өтті. Мәдени-спорттық шаралар ұйымдастырылып, алқапта 150-ге жуық қайық қызмет көрсетті.
«Біз керемет жерге келдік. Лотостың барлығы ашық. Жайнап тұр. Әкемнің ауылы. Лотос ашылды деп келдік, күшті әсер алдық. Ақтөбе қаласынан келіп отырмын», – деді Ақтөбе қаласының тұрғыны Салтанат Едігеева.
.Құрманғазы ауданындағы лотос алқабына арнайы ат басын бұрғандар арасында шетелдіктер де бар. Табиғаттың ерекше көрінісін көрген олар өз әсерін айтты.
«LOTUS FEST-2026» фестиваліне Қытайдан келдім. Таңғажайып құбылыс. Өте ұнады. Туристер үшін барлық жағдай жасалған. Фестивал аясында ұйымдастырылып жатқан концерттер мен спорттық шараларға қатыстық. Барлығы жоғары деңгейде, рахмет айтамын. Енді Қазақстанға Лотос алқабын көруге жыл сайын келемін. Тарихқа бай өлкенің мәдени мұрасын тануды жалғастырмын», – деді турист Чи Донг (Қытай)
Жалпы ауқымды шараға екі күнде 50 мыңнан аса қонақ келді. Олардың 30 пайызы шетелдіктер. Фестиваль лотос алқабының табиғи ерекшелігін танытып, өңірдің мәдени және туристік әлеуетін кеңінен насихаттауға бағытталған.
«Ішкі туризмді дамыту мақсатында туристерге қолайлы жағдай жасау үшін құрылымдар салып, жаңадан қайық тұрағын салдық.Теңіз аулына Норвегия, Англия, шығыс мемлекеттерінен туристер келген. Түркия, Ресейден биыл да ағылып жатыр. Құрманғазы өте киелі жер .Ол жерде табиғаттың үйлесімділігі әртүрлі жағдайларға байланысты өзгере береді. Алдағы уақытта Сафари турларын, балық саласы, спорттық бағытта туризмді дамыту жоспарланып отыр», – деді Теңіз ауылдық округінің әкімі Мұрадым Мұзафар.
.Айта кетейік, лотос гүлдейтін алқап қыркүйек айының соңына дейін келушілерге ашық болады. Осымен екінші жыл қатарынан өтіп жатқан шара болашақта ауқымын кеңейтпек. Екі күнге жалғасқан фестиваль соңы өнер жұлдыздарының концерттік бағдарламасымен қорытындыланды.
Жұлдыз Қайратқызы, Атырау облысынан
Оқи отырыңыз: Байланыс операторлары тарифтің қымбаттайтынын 2 ай бұрын хабарлануы тиіс