Таза бейсенбі: Алматы облысында акция аясында 282 гектар аумақ тазартылды

Облысының тұрғындары экологиялық іс-шараға белсенді қатысты

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Бүгін Алматы облысында «Таза бейсенбі» экологиялық акциясы өтті. Сенбілікке әкімдік өкілдері, мемлекеттік қызметшілер, белсенді жастар, кәсіпкерлер және өңір тұрғындары қатысты. Соның нәтижесінде 282 гектар аумақ тазартылып, 510 тонна қоқыс шығарылды, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі. 

Қонаев қаласының тұрғындары әр бейсенбіні тазалық жұмыстарынан бастайды. Таңмен таласа қолдарына қап пен сыпыртқы алған қатысушылар облыс орталығындағы 1-шағынауданды, жаяу жүргіншілер жолдарын және тұрғын үйлердің аулаларын қоқыстан тазартты. Осылайша, игі дәстүрге айналған «Таза бейсенбі» акциясы апта сайын жүздеген адамның басын қосып келеді.

Бүгін де экологиялық науқанға әкімдік өкілдері, коммуналдық қызметкерлер, жастар, кәсіпкерлер және өңір тұрғындары белсене қатысты.

«Әр бейсенбі сайын таңғы сағат 7:00-ден бастап бір сағаттық осындай акция ұйымдастырамыз. Бүгін Қонаев қаласының орталығындағы тұрғын үйлердің маңын тазарттық. Ең бастысы, халыққа экологиялық тазалықтың маңызын түсіндіріп, тазалық мәдениетін қалыптастыру», – деді Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев.

Іс-шараға қатысушылардың айтуынша, өзі тұратын жердің тазалығына жауапкершілікпен қарау – әр азаматтың парызы. Сондай-ақ белсенділер мұндай акциялар өскелең ұрпаққа қоршаған ортаны қорғаудың маңызын ұғындыратын үлкен тәрбие мектебі екенін айтады.

«Бұл біз үшін міндетке айналған. Облыстың әр ауданында белсенділеріміз бар. Сондықтан қазір өте белсенді жұмыс жүргізіп жатырмыз. «Таза жағалау», «Таза Қазақстан», «Таза бейсенбі» акцияларын өткіземіз. Ешкімді мәжбүрлемейміз, әр адам бұл акцияларға өз еркімен қатысады», – деді Жастар ресурстық орталығы ұйымдастыру бөлімінің маманы Аяжан Боранбаева.

Жалпы, жыл басынан бері облыста 25 сенбілік ұйымдастырылған. Оған 567 мың адам қатысқан. Соның нәтижесінде 7 мың 700 гектардан астам аумақ тазартылып, 13 мың тоннадан астам қоқыс шығарылған.

Сонымен қатар 103 мың ағаш көшеті отырғызылып, 3 мың 478 арнайы техника жұмылдырылған.

Диана Тұрлыбек, Ялкунжан Әшімжанов, "Алматы" телеарнасы, Алматы облысы

Оқи отырыңыз: Алматы мектептерінде жаңа оқу жылынан құқықтық сауатқа басымдық беріледі