Өңірде тұрмыстық қалдық өңдейтін 8 зауыт іске қосылмақ
Алматы облысында жылына 1 миллион 200 мың тоннадан астам тұрмыстық қалдық өңдейтін сегіз зауыт іске қосылмақ. Ірі жобаларды жүзеге асыруға инвесторлар 149 миллиард теңге қаржы құюға дайын. Нәтижесінде өңір аумағынан жиналатын қоқыс қайта өңделіп, кәдеге жаратылады, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.
Алматы облысында жыл басынан бері «Таза Қазақстан» бағдарламасына 308 мыңға жуық азамат атсалысып, 7 мың тоннадан аса қоқыс жинаған. Өңірде қоқысты шығарып қана қоймай, оны қайта сұрыптауға да басымдық берілген. Бұл бағытта тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдейтін жаңа 8 зауыт іске қосылады. 300 жұмыс орнын ашу көзделген.
«Қатты тұрмыстық қалдықтарды сұрыптау және өңдеу бойынша 8 ірі жобамыз бар. Құны 149 миллиард құрайды, 20-дан аса үлкен ірі экопарк бар», – деді облыстық ТҮКШ және абаттандыру басқармасының басшысы Димаш Қожабеков.
Алматы облысы – туризмі түлеген мекен. Аймаққа былтыр 150 мыңға жуық шетелдік саяхатшы келген. Сондықтан аймақтағы туристік нысандардың тазалығы мен табиғи келбетін сақтау басты назарда. Әсіресе демалушылар көп ағылатын Көлсай мен Қайыңды көлдері, Шарын шатқалы, Түрген шатқалы, Есік көлі және Қапшағай жағалауы секілді көрікті орындарда тұрақты түрде сенбіліктер ұйымдастырылады.
«Үш ұлттық парк және де басқа да туристік локациялардың тазалығы маңызды, қарауымызда тұрады. Ол жерде өзінің инспекторлары бар», – деді облыстық Туризм басқармасының басшысы Қуанышбек Мирамбекұлы
Өңірде қоршаған ортаның қауіпсіздігіне де ерекше ден қойылған. Абаттандыру ережелерін елемейтіндерді анықтау үшін 30 мобильдік топ жасақталып, 350 рейдтік іс-шара өткізілді. Нәтижесінде айналаның тазалығына зиян келтіргендерге соңғы бес айда 10 миллион теңгеден астам айыппұл салынған.
Ал «Таза Қазақстан» бағдарламасы жарияланғалы бері салынған айыппұл көлемі 169 миллион теңгеге жетті.
«Айыппұл ғана салынбайды, 40 сағатқа соттың шешімімен 40 сағат жұмысқа жегіледі. Ал енді 2-бабымен 20 есептік көрсеткіш, 80 сағатқа созылады», – деді
облыстық Қоғамдық қауіпсіздік басқармасы бастығының орынбасары Рахым Толоқұлов.
Экологиялық мәдениетті сақтауға шақырған әкімдіктегілер «табиғаттың – баршаға ортақ аманат» екенін айтады. Ал аманатқа қиянат жасамай, қоршаған ортаны таза ұстау – әрбір азаматтың міндеті екені хақ.
Аяулым Көлжігіт, Жақсылық Тілепберген, Алматы облысынан