Таза Қазақстан: Астанада спорт нысандары аумағында жалпықалалық сенбілік өтті

16.05.2026 17:19

Мұндай шаралар экологиялық мәдениетті қалыптастыруға және тазалықты сақтауға үлкен үлес қосады

Астана әкімдігінің баспасөз қызметі

"Таза Қазақстан" акциясы аясында Астанада Дене шынықтыру және спорт басқармасына қарасты спорт мекемелерінде жалпықалалық сенбілік өтті, деп хабарлайды Аlmaty.tv.

Елорда әкімдігінің баспасөз қызметінен хабарлағандай, тазалық және абаттандыру шаралары қала аумағындағы «Аспан» спорт кешенінде, Fitnation Astana фитнес клубында, «Толқын» спорт кешенінде, үрлемелі футбол алаңында, сондай-ақ Нұра, Сарыарқа, Алматы және Байқоңыр аудандарында орналасқан дене шынықтыру-сауықтыру кешендері мен хоккей мектебінің аумақтарында жүргізілді.

Сенбілікке спорт саласының жаттықтырушылары, аға жаттықтырушылар және мекеме қызметкерлері белсенді қатысты.

Қатысушылар өздеріне бекітілген аумақтарды тазалап, гүлдер мен ағаш көшеттерін отырғызды, топырақ қопсытып, суару жұмыстарын жүргізді.

Сонымен қатар ағаштарды әктеу, сырлау және көгалдандыруға дайындық жұмыстары атқарылды.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай шаралар спорт нысандарының аумағын көркейтіп қана қоймай, экологиялық мәдениетті қалыптастыруға және тазалықты сақтауға үлкен үлес қосады.

Оқи отырыңыз: Қазақстандықтардың Президентке сенім деңгейі жоғары күйінде сақталып отыр