Сақшылар қоқыс тастағандарға алдымен ескерту жасап, тәртіпке бағынбағандарға 10-15 айлық көрсеткішке дейін айыппұл салады
Туристердің экологиялық мәдениетін ояту арқылы ғана таулы аймақты қоқыстан сақтап қалуға болады. Бүгін Үлкен Алматы көлінде «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы өтті, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Іле Алатау ұлттық табиғи паркі мен Ионосфера институты бірлесіп өткізген іс-шараға еріктілер және қалалық жастар саясаты басқармасының белсенді азаматтары қатысты.
Алатаудың бөктерінде таңмен жиналған халықтың мақсаты бір. Әсем табиғатты сақтап, туристік аймақты қоқыстан тазалау, Үлкен Алматы көлінің айналасына тасталған қалдықты жинау. Бір-бір қап ұстаған белсенділер бірден іске кірісті. Олар сай-салада шашылып жатқан бөтелкелер мен өзге де қоқысты тазалады.
«Іле Алатау паркімен бірігіп Үлкен Алматы көлінің маңындағы тазалыққа үлесімізді қосып жатырмыз. Жас ұрпақ табиғатты аялап, үлес қосады деген ойдамыз. Институттың эксперименталдық базасында тұрмыз. Бұл жерде елімізге қажетті эксперименттер жүргізіледі», – деді Ионосфера институты директорының орынбасары Берік Ысқақов.
Қысы-жазы туристер легі үзілмейтін Үлкен Алматы көлінде тұрмыстық қалдықтарды арнайы қоқыс жәшіктеріне емес, отырған жеріне тастап кететіндер саны азаймай тұр. «Шетелдіктер іздеп келетін, көрсе көз тоймайтын сұлу табиғатты ластайтындардың әрекетіне қарның ашады. Мамандар экологиялық мәдениеттің әлі де тиісті деңгейде қалыптастай жатқанын атап өтті.
«Ұлттық пакртің аумағына келген келушілер тұрмыстық қалдықтардан бөлек бір реттік қолданылатын ыдыстар, сонымен қатар темекінің қалдықтарын қалдырып жатады. Осы орайда халқымыздың, қоғамның экологиялық мәдениетін арттыру үшін үлкен жұмыс атқару қажет. Себебі келушілердің мәдениетінің төмендігінен парк төңірегінде қоқыстар қалып жатады», – деді Іле-Алатауы мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің бөлім бастығы Жансая Аутәліп.
Десе де қол қусырып қарап отырған инспекторлар жоқ. Сақшылар қоқыс тастағандарға алдымен ескерту жасап, тәртіпке бағынбағандарға 10-15 айлық көрсеткішке дейін айыппұл салады. Ал Іле Алтауы ұлттық табиғи паркі мен Ионосфера институты бірлесіп өткізген тазалық акциясы барысында Үлкен Алматы көлі аумағынан 50-ден астам қап қоқыс шығарылды. Алдағы уақытта бұл аймақтарда ағаш егіліп, өзге де көгалдандыру жұмыстары жүргізілмек.
Асыл Махметов, Ялкунжан Әшімжанов
Оқи отырыңыз: 11 мың шақырым жол мен жаңа вагондар: туристік маусымға дайындық пысықталды