Тазалық іс-шарасына қатысқандар қоқыс жинап жарысты
Ақтөбеде бес жүзден астам оқушы мен студент қала көшелерін тазалауға шықты. Игі шаруа «Таза Қазақстан» республикалық акциясы аясында іске асырылған. Тазалық іс-шарасына қатысқандар қоқыс жинап жарысты, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.
«Jasyl Cross 2025» жүгіру марафоны аясында ұйымдастырылған тазалық іс-шарасы Кірпішті елдімекенінде өтті. Игі бастамаға қатысушылардың дені - «Жасыл ел» жасағында жұмыс істейтін оқушылар мен студенттер. Олардың мақсаты ортақ – қоршаған ортаны, мейлінше тез тазарту.
«Бүгін біз осы аумақты тазалап қана қоймай, жеңіске жету үшін келдік. Бұл акцияны жақсы ұйымдастырған. Экологиялық мәселелерді шешуге көмектеседі», - дейді ерікті Бану Шауғашты.
Жарысқа қатысуға 33 команда ниет білдірген. Байқаудың шарты бойынша әр топ 40 минуттың ішінде мейлінше көп қоқыс жинауы тиіс. Нәтижесінде, аталған аумақтан 10 тоннадан астам қалдық шығарылды. Ұйымдастырушылар «бастысы, қоқыстың көлемі емес, жастар арасында экологиялық мәдениет қалыптастыру» дейді.
«Бұл іс-шара осы аумақты тазартуға бағытталған. Әр командаға 40 минуттан уақыт бердік. Қай топ көп қоқыс жинаса, сол топ жеңіске жетеді деп шарт қойдық. Байқау нәтижесі бойынша қатысушыларға сыйлықтар мен грамоталар бар», - деді Жастар саясаты басқармасының басшысы Әлібек Тұралиев.
Қатысушылардың айтуынша, мұндай акциялар қаланың келбетін жақсартып, шаһардың шырайын аша түседі. Одан бөлек, іс-шара жастар арасында салауатты өмір салтын насихаттауға жақсы мүмкіндік.
Гүлмарал Изатқызы, Нұргүл Тілепова, Айдын Спанов, «Алматы» телеарнасы
Оқи отырыңыз: Қазақстанда жедел жәрдем қызметі бір орталыққа біріктірілді