Қазақстанда жедел жәрдем қызметі бір орталыққа біріктірілді

Жаңа жүйенің арқасында жедел жәрдем қызметінің кешігуі едәуір азайған

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Қазақстанда жедел жәрдем қызметі бір орталыққа біріктірілді. Бұған дейін әртүрлі ұйымға бағынышты болған стансалар енді Ұлттық шұғыл медицинаны үйлестіру орталығына қарайды. Бұл өзгеріс жедел көмектің сапасын арттырып, шақыртуларға дер кезінде жетуді қамтамасыз етуге мүмкіндік берген. Мұны орталықтың басқарма төрағасы Ержан Әділбеков мәлімдеді, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.

Оның айтуынша, жаңа жүйенің арқасында жедел жәрдем қызметінің кешігуі едәуір азайған. Бұрын көлік тапшылығы мен ұйымдастырудағы қиындықтар науқастарға уақытында көмек көрсетуге кедергі келтірсе, қазір бұл мәселе кезең-кезеңімен шешіліп жатыр дейді.  

«Бұрын Қазақстанда шұғыл көмек қызметтері бір-бірінен бөлек, ретсіз жұмыс істейтін. Ал қазір біз жаңа деңгейге шықтық деуге болады. Бізде ел бойынша шұғыл көмекті үйлестіріп отырған арнайы координациялық орталық бар. Осы орталықтың арқасында қазір жедел жәрдем бағытында, әсіресе науқасқа жету уақытын жеделдетуге қатысты бірқатар жаңашылдықтар енгізіліп жатыр», - дедіҰлттық шұғыл медицинаны үйлестіру орталығының басқарма төрағасы Ержан Әділбеков.

Бұл орталық биыл наурыз айында іске қосылған. Онда 250 төсек-орын бар және ол шұғыл көмектің барлық бағытын қамтиды. Ғимарат аумағында тікұшақ қонатын алаң орналасқан. Биыл Қазақстан бойынша тікұшақпен 44 мыңнан астам науқас тасымалданған.

Айта кетейік, орталық ашылғалы 2500-ден астам адам ем алған. Сонымен қатар мұнда акушерлік бөлімше де ашылып, кеше бірінші сәби дүниеге келді.

«Бүгін осы ауруханада қызымыз дүниеге келіп жатыр. Шүкір, бәрі жақсы. Палаталар бәрі жаңа, құрылғылар да жаңа. Дәрігерлер де өте білікті мамандар екен. Кешеден бері жақсы қызмет көрсетіп жатыр. Бәрі жоғары деңгейде. Біз ризамыз. Алланың қалауымен қызды болдық. Әйелім екеуміз бірінші болып түстік», - дейді қала тұрғыны Еркебұлан Тұраров.

Оқи отырыңыз: Базалық мөлшерлеме өзгерген жоқ: инфляция 11,8%-ға жетті

Новости партнеров