Алматыда Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына арналған жалпы қалалық сенбілік өтті
Алматыда Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына арналған жалпы қалалық сенбілік өтті. Республикалық «Тaзa Қазақстан» акциясы аясында ұйымдастырылған іс-шараға қала тұрғындары, қоғам қайраткерлері мен өнер адамдары қатысқан, деп хабарлайды Almaty.tv.
Сенбілік шаһардағы Абай даңғылының бойында ұйымдастырылды. Ұзындығы 15 шақырым көшеде Алмалы, Бостандық, Әуезов, Медеу және Наурызбай аудандары қамтылды. Әкімдік өкілдері, эстрада жұлдыздары, еріктілер мен қала тұрғындары атсалысқан іс-шара барысында белгіленген аумақтарда санитарлық тазалық жүргізіліп, ағаштарды кесу мен көгалдандыру жұмыстары атқарылды.
«22 шілдеден-нен бастап 5 аудан бойынша санитарлық тазарту, ағаштарды формалық және санитарлық кесу жұмыстар атқарылды. Бұл сенбілік 4 күн бойы жүргізіліп жатыр. Бүгін сенбіліктің жабылу және мәдени шаралар өтіп жатыр», – деді қалалық Инфрақұрылымды дамыту басқармасының бас маманы Фатима Молдасанова.
Төрт күндік іс-шараға қала бойынша 5 мың адам қатысып, 160-қа жуық арнайы техника жұмылдырылған. Нәтижесінде, 1000 текше метрден астам қоқыс шығарылды. Сондай-ақ сенбілік аясында өнер өкілдерінің қатысуымен шағын концерттік бағдарлама өтті. Ұйымдастырушылардың айтуынша, экоакцияның мақсаты – қала тұрғындары мен қонақтарының қоршаған ортаға деген сүйіспеншілігін арттыру.
«Адам тазалықты бірінші өзінен бастауы керек. Биыл Абай атамыздың 180 жылдығына орай, ең үлкен басты қалаларымыздың бірі – Алматы қаласындағы Абай даңғылын тазалап жатырмыз», – деді актер Ерболат Төлеген.
Сенбілік «Алматыбасжоспар» ғимаратының маңында да жалғасты. Мұнда open air форматында экологиялық арт-платформа ұйымдастырылды. Қала шеберлері, суретшілер мен мүсіншілер қайта өңделген материалдардан жасалған туындыларын ұсынды.
«Бұл – жергілікті алматылық суретшілердің, сәулетшілер мен дизайнерлердің еңбектері. Осы арқылы біз Алматының мәдени коды тақырыбында әртүрлі бағыттағы жұмыстарды көрсеткіміз келеді. Солардың ішінде ең маңызды әрі ерекше жобаларымыздың бірі – қайта өңделген пластиктен жасалған мозаика. Біз дизайн кодына қатысты зерттеу жүргізіп, мозаика Алматымен байланысатын, есте қаларлық, бірегей элементтердің бірі екенін анықтадық», – деді «Алматы-басжоспар» ҒЗИ ЖШС әлеуметтік жобалау бөлімінің басшысы Жандос Жұмабай
Аталмыш экологиялық науқанның мақсаты – азаматтар арасында тазалық мәдениетін қалыптастыру мен Ұлы ойшылдың ұлттық мұрасын дәріптеу. Мұндай бастамалар алдағы уақытта да жалғасын таппақ.
Олжас Омарбек, Мейрам Исабеков
Оқи отырыңыз: «Шағымға жеткізбеңіздер»: Алматы әкімі коммуналдық кемшіліктерді дер кезінде жоюды талап етті