Таза Қазақстан: Бостандық ауданында 230 текше метр қоқыс шығарылды

14.07.2025 15:05

Сенбілікке 17 техника жұмылдырылды

«Таза Қазақстан» акциясының аясында Бостандық ауданында сенбілік өткізіліп, 230 текше метр қоқыс сыртқа шығарылды, деп хабарлайды Almaty.tv.

Іс-шараға қоғам белсенділері, зейнеткерлер әрі Қазақстан халқы ассамблеясының өкілдері қатысты. 900-ге жуық адам «Южный» саябағы және Әл-Фараби даңғылы мен Санаторная көшесінің қиылысындағы алаңқайды қалдықтан арылтты. Сонымен қатар жаяужолдың бойын, арық желілерін тазартып, жасыл желекті суарды. Сенбілікке 17 техника жұмылдырылды.

«Халық қаласын, өзінің жан-жағын таза ұстауы керек. Үлгі көрсете білсек, жастар бізге қарап өседі. «Ел болайын десең, бесігіңді түзе» дейді ғой. Бұл  –рухани жақтан жастарымызды дұрыстап тәрбиелеу», – деді ҚХА кеңесінің мүшесі Долкунтай Абдулхалил.

Экомәдениетті қалыптастырып қана қоймай, азаматтық жауапкершілікті арттыруға, ұлтаралық бірлікті сақтауға бағытталған іс-шарада белсенді азаматтар марапатқа ие болды. Ал ұйымдастырушылар болса, тұрғындарды экологиялық бастамаларға тұрақты түрде атсалысуға шақырды.

 «Зейнеткер адамдарға, мына жерде демалып жүрген жандарға пайдасы зор. Саябақтың іші таза болса, көңіл-күйіміз жоғары және көтеріңкі болады», – деді  зейнеткер Аманғайша Мейманова.

«Қаламызды өзіміз тазаламасақ, басқа ешкім тазаламайды. Болашақта бұл іс-шаралардың көбірек болғанын қажетті деп білемін», – деді экобелсенді Дияр Еркінбай.

Оқи отырыңыз: Перизат Қайрат өзіне тағылған айыптауларды мойындамайтынын жеткізді