Өңірде жоба басталғалы бері 1500 тоннаға жуық қоқыс жиналды
«Таза Қазақстан» акциясы аясында Жайық жағалауы қоқыстан тазартылды. Тазалық науқанына 50-ге жуық адам қатысқан. Өңірде жоба басталғалы бері 1500 тоннаға жуық қоқыс жиналды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Ала таңмен жиналған атыраулықтар Авангард ықшамауданындағы Жайық жағасын күл-қоқыстан тазартты. Қолдарына күрек пен қапшық алған көпшіліктің көңіл-күйі шат-шадыман. "Әсем қаламыздың көркеюіне үлес қостық" деген азаматтар бұл жолы 50 тонна қоқыс қалдығын арнайы орынға салған.
"Мекеме толық жұмысқа кірістік. Кей мамандар субұрқақтарды тазалап жатыр. Атыраулықтарды белсенді атсалысуға шақырамын", – деді ерікті Аман Маратұлы.
"Жастардың атынан осындай бастамаларға жиі қатысамыз. "Жасыл ел" еңбек жасағының құрамында болдық. Аталған жоба аяқталса да, үлес қосуды жалғастырамыз", – деді ерікті Заманбек Құрақбай
Өңірде жоба аясында 1500 тоннаға жуық қоқыс жиналған. 1000-нан аса техника жұмысқа тартылған. Өзен-көлдердің жағалауы, саябақтар, көшелер мен көпқабатты үйлердің ауласы тазаланды.
" Мамырда Жайық жағасына су тасқыннан келген ағаштарды шығару жұмыстары басталды. Томарларды, плиталарды шығардық, бұтақтарды кесеміз", – деді «Арнаулы автобаза» мекемесінің басқарма басшысы Күләнда Серікқызы.
Айта кетейік, ел бойынша экологиялық акция басталғалы бері 55 мыңдай атыраулық өңірдің көркеюіне үлесін қосқан. Әр сенбіде түрлі тақырыпта өтетін тазалық науқаны жыл соңына дейін жалғасады. "Әрбір адам тазалықты ауласынан бастауы керек" деген азаматтар барша жұртты қаланың көркеюіне ат салысуға шақырды.
Жұлдыз Қайратқызы, Фархат Тәжібаев, Атырау облысы
Оқи отырыңыз: Қазығұрт ауданындағы тұрғындардың жол сапасына көңілі толмайды