Әлеуметтік жоба жастарды зиянды әдеттерден алшақ болып, салауатты өмір салтын таңдауға үндеді
Алматының Орталық демалыс саябағында Халықаралық нашақорлыққа қарсы күрес айлығы аясында «Taza Tandau Fest» фестивалі өтті, деп хабарлайды Аlmaty.tv.
Қоғам назарын өзекті мәселеге аударуды көздеген ауқымды іс-шараға әскери полиция мен қалалық Полиция департаментінің қызметкерлері, Медеу ауданы әкімдігінің өкілдері және белсенді жастар қатысты. Басқосуда арнайы жасақ сарбаздары мен кинологиялық қызметтің көрсетілімдері ұсынылып, Психикалық денсаулық орталығының дәрігер-наркологтары тұрғындар үшін танымдық дәрістер оқыды. Танымал блогерлердің қатысуымен өткен викториналық ойындар мен спорттық сайыстардың жеңімпаздары арнайы «Taza Tandau Cup» кубогімен марапатталды. Отандық әртістер мен диджейлердің концерттік бағдарламасымен аяқталған әлеуметтік жоба жастарды зиянды әдеттерден алшақ болып, салауатты өмір салтын таңдауға үндеді.
«Бір айлық шеңбер көлемінде 40 іс-шара өткіздік. Оның ішінде жаңағы спорттық шаралар, лекция, концерт және де Алматы қаласында түнгі рейд жасадық. Жастарға түсіндіру жұмыстарын көп жүргіздік, 26 мамырдан 26 маусымға дейін нашақорлықтың алдын-алу шарасын өткізіп, бүгінгі қорытынды іс-шараға келіп жетіп жатырмыз», – деді Полиция департаменті Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы бастығының орынбасары Мәди Құрманжанов.
«Бұл іс-шарада нашақорлық пен есірткінің күресіне көңіл бөлінеді. Жыл сайын 26 маусымда бір айлық көлемінде өткізіледі», –– деді Медеу ауданы әкімі аппараты Қоғамдық даму бөлімінің басшысы Сырым Есболатұлы.
Оқи отырыңыз: Алматыда 400 орындық жаңа студенттер жатақханасы салынады