Тұрғындар "Үздік аула" сынды қалалық байқауларда бақ сынап көрмек
Алматыда тұрғындардың бастамасымен абаттандырылған тағы бір көрікті аула көптің қызығушылығын тудырды. Айналасын әсемдеп, жайлы орта құруды мақсат тұтқан Жетісу ауданының халқы үйінің алдына көшет егіп, безендіру жұмыстарын жүргізген, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Алматыдағы Айнабұлақ шағынауданындағы аула биыл тұрғындардың бастамасымен абаттандырылып, көркейе түскен. "Тазалық өзімізден басталады" деген қағидаға сүйенген олар көшет отырғызып, аймақты алуан түрлі гүлдермен безендірген. Жасыл желегі жайқалып, көрікті орынға айналған ауланың осыдан бірнеше жыл бұрын тақыр жер болғанына сену қиын.
"Шағынауданда тұрып жатқаныма ұзақ уақыт болды. Бірақ үйді жақында сатып алдық. Биыл өзіміздің жайлылығымыз үшін аймақты көріктендіру керек деп шештік. Көршілеріміз бірауыздан қолдау білдірді. Көктем және жаз кезінде әдемі болып тұрады", – деді қала тұрғыны Сәбина Андамова.
"Көршілердің бәрі қуанып жүр. Аулада 10 баспана бар, тұрғындары шығып таза ұстауға, бәрін жинауға тырысады", – деді қала тұрғыны Фариза Мизамова.
Бірлігі жарасқан көршілер тазалықты сақтау үшін жиі сенбілік ұйымдастыруды әдетке айналдырған. Ондағы мақсат – осындай іс-әрекет арқылы өскелең ұрпаққа үлгі көрсету.
"Тұрғындардың белсенділік танытып, ауланы абаттандыруының арқасында бұл жер үнемі жарқырап тұрады. Оларға алғыс білдіргім келеді. Бұл – бәрімізге ортақ міндет", – деді ПИК төрағасы Вячеслав Сидаренко.
Алдағы уақытта тұрғындар "Үздік аула" сынды қалалық байқауларда бақ сынап көрмек. Сондай-ақ келер жылы жасыл желек санын арттырып, үйдің қасбетін әрлеуді де қолға алмақ.
Жансая Олжабек, Ялкунджан Әшімжанов
Оқи отырыңыз: Алматы тұрғындары мен қонақтарына арналған 12 тегін мұз айдыны ашылады