Бұл күн тек қоршаған ортаны тазартумен шектелмейді, ол адамның ішкі жан дүниесін де тәртіпке келтіруге үндейді
23 наурыз – Тазару күні. Бұл – Наурызнама онкүндігінің соңғы, оныншы күні. Аталған күн тазалыққа, қоршаған ортаға ұқыпты қарауға және экологиялық мәдениетті қалыптастыруға арналады, деп хабарлайды Almaty.tv.
Бұл мейрам табиғаттың жаңаруын ғана емес, әрбір адамның тазалық пен тәртіпті сақтаудағы жауапкершілігін де айқындайды.
Ел бойынша мәдениет ұйымдары іс-шаралар, экологиялық бастамалар ұйымдастырмақ. Мәдениет мекемелерінде, қалалар мен елді мекендерде сенбіліктер жоспарланған. Сонымен қатар қоғамдық орындар, аулалар мен саябақтар тазартылып, ағаш отырғызу және аумақтарды абаттандыру жұмыстары жүргізіледі. Астана мен Алматы қалаларында бұл акцияларға тұрғындар, волонтерлер мен жастар атсалысады. Ал өңірлерде табиғатты аялауға, оған жауапкершілікпен қарауға арналған ауқымды бастамалар жүзеге асады. Бұл күн тек қоршаған ортаны тазартумен шектелмейді, ол адамның ішкі жан дүниесін де тәртіпке келтіруге үндейді.
Осылайша, «Тазару күні» жаңару мен жауапкершілік мәнін нақты істер арқылы көрсетіп, қоғамды тазалыққа, табиғатты қорғауға және экологиялық сананы қалыптастыруға шақырады.
Оқи отырыңыз: Тазару күні: Наурыздағы тазалықтың мәні