Тазару күні: Наурыздағы тазалықтың мәні

Almaty.tv
Almaty.tv

23 наурыз – Тазару күні. Тазалық пен экологиялық мәдениетті дәріптейтін күн

Жаңалықтармен бөлісіңіз

«Наурызнама» онкүндігі аясында 23 наурызда — Тазару күні аталып өтеді. Тіршілік атаулы оянып, жер ана бусанған шақта тазару рәсімінің жүргізілуі тегін емес, деп хабарлайды Almaty.tv.

Бұл күн — табиғатпен бірге адам баласының да жаңарып, өткеннің ауыртпалығынан арылып, жаңа кезеңге қадам басуын білдіретін маңызды мерекелік белес саналады.

Көктем — жаңарудың, жаңғырудың мезгілі. Қыстың ызғары кетіп, алғашқы көк шыға бастағанда табиғаттың өзі тазарып, жаңаша тыныс алады. Ағаштар бүршік жарып, құстар қайта оралады, айнала тіршілікке толады. Осындай кезеңде Тазару күнінің аталып өтуі — адам мен табиғат арасындағы үйлесімділікті көрсетеді.

Қазақ халқы ежелден табиғатпен етене тіршілік етіп, оған құрметпен қараған. Сондықтан көктемгі тазалық тек тұрмыстық қажеттілік емес, табиғатқа деген жанашырлықтың, жауапкершіліктің көрінісі болып саналған.

Наурызды тазалықпен, ақ пейілмен қарсы алса, жыл бойы жақсылық болады деп болжаған. Көпті көрген әжелер адыраспан немесе аршаны түтіндетіп:

Уа пәлекет, пәлекет,

Еріп аққан сумен кет!

Көтерілген бумен кет!

Қызарып батқан күнмен кет!

Қарайып батқан түнмен кет!

Жақындамай мал-басқа

Тау-таста өлген аңмен кет! – деп, үйдің іші-сыртын, мал қораны аластап шығады.

Оған қоса, кетік ыдыс, сынық қасық секілді тозығы жеткен заттарды отқа жағады. Осылайша күн көзі аз түсіп, қыстан ұялап қалған кесір-кесапат, ауру-сырқау иісі бұрқыраған адыраспан, арша түтінімен кетеді, айнала залалсызданады. Адыраспан мен аршаның емдік қасиеті медицинада да дәлелденген. Шығыстың ұлы ғұламасы Әбу Әли Ибн Сина адыраспанның талай ауруға шипа беретінін жазып қалдырған.

 «Ұлыс күні таза үйге кіреді, сонда құт-береке қоса енеді» деген сөз бар. Ертең Наурыз деген күні тазарған үйдің төріне шырақ жағылып, игі тілектер айтылады. «Қызыр түнін» күтіп, Наурыздың таң шапағын көруге асыққан.

Бүгінде бұл дәстүр жаңа мазмұнмен толығып келеді. Қалалар мен ауылдарда сенбіліктер ұйымдастырылып, көшелер мен саябақтар тазартылып жатыр. Экологиялық акциялар, ағаш отырғызу бастамаларында да қоғамның белсенділігі артып келеді. Әсіресе жастар арасында табиғатты қорғауға деген қызығушылық өсіп келеді. Бабаларымыздың «Бұлақ көрсең көзін аш» философиясы жаңа экологиялық мәдениетпен шебер ұштасып отыр.

Оқи отырыңыз: Наурыз – жаңару мен бірліктің ұлы мейрамы

 

Новости партнеров