Техникалық және кәсіптік білім беру қызметкерлері күні: Алматыда ардагер ұстаздарға құрмет көрсетілді

02.10.2025 16:25

Оңтүстік Астанада 89 колледж жұмыс істейді

Бүгін – Қазақстан Республикасының техникалық және кәсіптік білім беру қызметкерлері күні. Атаулы мерекеге орай Алматыда салтанатты іс-шара өтті, деп хабарлайды Almaty.tv.

25-ке жуық колледж оқытушысы мен ардагер ұстаздарға құрмет көрсетіліп, марапат табыс етілді. Сондай-ақ қалалық білім басқармасы басшысының орынбасары мерекелік құттықтауын арнап, жылы лебізін жеткізді. Ол өз сөзінде биыл бұл күннің кәсіби мерекелер тізбесіне енгізіліп, алғаш рет тойланып жатқанын атап өтті.

«Биылғы жылы жұмысшы мамандықтар жылы болғандықтан ең бірінші рет техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының қызметкерлер күні тойланып жатыр. Өте қуаныштымыз. Осы салада тынбай еңбек етіп жатқан қызметкерлеміріміздің еңбегінің ақталғанына қуаныштымын», – деді Халықаралық инженерлік-технологиялық университеті колледжінің директоры Майра Шалабаева.

Атаулы мерекеге орай ұстаздар қауымы өз колледждерін таныстыру мақсатында көрме ұйымдастырды. Мұнда жаңа технологиялық жетістіктерден бастап, қазақтың төл өнерінің құндылықтарына дейін қойылды. Сондай-ақ концерттік бағдарлама ұйымдастырылып, ән мен күйден шашу шашылды.

Айта кетейік, бүгінде Оңтүстік Астанада 89 колледж жұмыс істейді. Ал қала көлемінде 100 мыңнан аса студент кәсіби білім алуда.

«Бүгін – мен үшін үлкен бір қуанышты күн. Мына басы 1939 жылы кәсіптік жұмысшылар дайындайтын жүйе басталған. Кеңес үкіметі тұсында  2 қазанда кәсіби мерекені атап өтетін. Биыл бірінші рет қайтадан бекітілді», – деді Салалық қауымдастықтар мен кәсіби білім беру ұйымдары одағының президенті Ысқақ Нұрмұханбетов.

Оқи отырыңыз: ІТ мамандары өз еркімен жұмыстан кетіп жатыр: сенатор сала мамандарының жалақысын көтеруді ұсынды