Технофест 2025: Ыстамбұлда өткен болашақ  фестивалі

стоп кадр
стоп кадр

Фестивальде мектеп оқушылары да ерекше жобалар  ұсынды

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Ыстамбұлда дәстүр мен заманауилық астасқан «Технофест 2025»  атты үлкен  шара өтті, деп хабарлайды Almaty.tv.

Әлемдік ауқымдағы фестиваль

Ататүрік әуежайында өткен биылғы фестивальға қатысуға 96 елден 565 мыңнан аса команда өтінім беріп, жалпы саны 1,1 миллионға жуық қатысушы өз жобасын ұсынды.

Байқаулар 58 негізгі және 137 қосымша санат бойынша өтті. Көрмеде дрондар мен ұшақтардың әуе шоуы, робототехника жарыстары, жасанды интеллект пен «жасыл» энергияға қатысты жобалар таныстырылды.

Жас инженерлердің тың идеялары

Фестивальде мектеп оқушылары да ерекше жобалар  ұсынды. Әсіресе түркиялық оқушылар жасаған әуе апаты бола қалған жағдайда  жолаушыларды құтқаратын капсула көпшіліктің көңілін аударды.

Жоба жетекшісі Ибрахим Өзчанның айтуынша, жаңа жүйе бес анықтау тетігі мен шығару механизмінен тұрады. Басты мақсат – төтенше жағдайда  әуе жолаушыларын құтқару.

Жас өнертапқыштың арманы

Мұнда  ірі жобалармен қатар,  күнделікті өмірге қажетті шешімдер де назардан тыс қалған жоқ. Түркиялық оқушы Әли Эймен Жейлан тұрмыстық газдың таралуын анықтайтын құрылғысын таныстырды.

«Мен бұл жобаны «Жабық алаңда газдың таралу қаупі мен салдары» деп атадым. Егер үйде бәрі қалыпты болса, құрылғыдағы шам жасыл болып жанады. Ал газ шыға бастаса, шам түсі  қызылға ауысады. Арнайы тетік есік пен терезені автоматты түрде ашады. Сонымен қатар, арнайы сигнал қосылады. Бұл ой маған жақындарымның басынан өткен қайғылы жағдайдан кейін келді. Болашақта құрылғыны жетілдіріп, әр үйде орнатуды армандаймын», – дейді жас өнертапқыш.

Экологияға бағытталған жобалар

Фестивальдегі ең жасы кіші балалар – Зейнеп Адаакбой мен Ипек Баскын өздерінің экологиялық бастамасымен ерекшеленді.

«Сәлем! Біздің жоба  бояғыштармен күрес және оларды табиғи өшіру тәсілі туралы. Яғни, мата құрамындағы бояуды табиғи жолмен шығару үшін қалдықтарды қолдандық. Мақсатымыз – су ресурстарын үнемдеу. Мата өндірісінде су өте көп қолданылады, алайда бұл  су тапшылығын тудырып отыр. Бүкіл әлемде жылына 700 млн тонна бояу қолданылады. Оның отыз миллионы мата өндірісіне қатысты. Біз ұсынған шешім – химиялық тәсілдің орнына суды аз пайдаланып, адам шашын, шай қалдықтарын қолдана отырып, бояу шығаруға болады», – деді жас өнертапқыштар.

Президент қатысқан халықаралық жиын

Биыл Технофест 13-рет ұйымдастырылды. Іріктеуден өткен үздік жобаларға 85 миллион түрік лирасы табысталды. Халықаралық фестивальді Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған ресми түрде ашып берді.

Фестивальдегі көңіл күй

Алаңда мерекелік атмосфера орнады. Шат-шадыман балалар, жас ғалымдар шабыттанып, жобаларын ұсынса, үлкендер жаңа технология жаңалықтарына  тәнті болды. Қатысушылардың пікірінше, мұндай ауқымды шаралар ғылымға деген қызығушылықты арттырады.

Қонақтар Қазақстанға деген ыстық сәлемдерін де жеткізді:

«Ұшақтар туралы ақпарат өте қызық, Қазақстанды өте жақсы көреміз. Түркиядан ыстық сәлем жолдаймыз», – деді фестиваль қонақтары.

«Технофест 2025» – болашақтың жаңа мүмкіндіктеріне  жол ашқан ерекше мереке болды. Ыстамбұл ғылым мен инновацияны тоғыстырған, өткен мен болашақтың арасындағы асыл арқауға айналды.

Алдағы басты міндет – авиация мен аэроғарыш саласында жасанды интеллект әлеуетін кеңінен пайдалану. 

Оқи отырыңыз: Қарағандыдағы полиция пунктінен әйелдің мәйіті табылды

 

Новости партнеров