Телевиденияға сенім жоғары: Алматыда өткен халықаралық форумда медиа саласының өзекті мәселелері талқыланды

Форум бағдарламасы жарнама индустриясының барлық бағытын қамту үшін 3 тақырыптық алаңға бөлінген

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматы жарнама индустриясының беделді мамандарының басын қосқан ірі алаңға айналды. Халықаралық технологиялық компаниялар мен танымал брендтердің өкілдері маркетинг пен медиа саласының келешегін талқылау үшін мәдени астанада жиналды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Форум бағдарламасы жарнама индустриясының барлық бағытын қамту үшін 3 тақырыптық алаңға бөлінген. Биылғы басқосуда технологиялық жаңалықтарға басымдық берілді. Кеше ғана қиялға баланған жасанды интеллект бүгінде жарнама нарығының ажырамас құралына айналып келеді. Сонымен қатар телевизияның жаңа мүмкіндіктері, ірі маркетплейстердің жарнамалық платформа ретінде қалыптасуы да талқыланды. Қатысушылар жарнама бюджетін тиімді жұмсау жолдары мен контент жасаудың тың тәсілдерін ортаға салды.

«Форум аясында 60-қа жуық спикер тәжірибе бөліседі. Үш залда бірнеше тақырып қатар талқыланады. Сондықтан бағдарлама өте мазмұнды әрі әр қатысушы үшін пайдалы болады деп үміттенеміз. RAF жарнама индустриясының форумы жыл сайын өтеді. Ал қауымдастықтың өзі түрлі іс-шараны жиі ұйымдастырып отырады», – деді Орталық Азия жарнама қауымдастығының президенті Виктор Елисеев.

 Форум бағдарламасындағы маңызды бағыттың бірі – мемлекет пен жарнама бизнесі арасындағы ашық диалог. Соның шеңберінде Мәдениет және ақпарат министрінің бірінші орынбасары Қанат Ысқақов, Ұлттық экономика вице-министрі Ерлан Сағынаев және кәсіпкерлік қауымдастық өкілдері саланың өзекті мәселелерін талқылады. Атап айтқанда, нарық қатысушыларына қойылатын талаптар, бизнес жүргізу шарттары мен жарнама индустриясын дамыту ісі сөз болды. Сондықтан бұл кездесу сала өкілдеріне өзекті мәселелерді жеткізіп, мемлекеттік органдармен бірлесе шешу жолдарын қарастыруға мүмкіндік берді.

«Ресми зерттеулердің мәліметі бойынша, толық ауқымды сауалнама нәтижесінде халықтың 70 пайыздан астамы телеарнада көрген ақпаратына көбірек сенеді. Ал интернетті зерттеп қарайтын болсақ, шамамен 35 пайызы ғана ғаламтордағы контентке сенім білдіреді. Сондықтан телевидениенің жоғары деңгейдегі сенімге ие болуы – біз үшін үлкен мүмкіндік», – деді Ұлттық медиа қауымдастығының басшысы Кемелбек Ойшыбаев.

Форумда халықаралық сарапшылар да тәжірибе бөлісті. Бұдан бөлек, жарнама, медиа және маркетинг саласындағы маңызды марапаттардың бірі –Tribune сыйлығы биыл алтыншы рет табысталды.

Аталған басқосу сала мамандарына шабыт сыйлап, біліктілігін арттырған маңызды алаң болды.

Гүлмарал Изатқызы, Владислав Иващенко, Ернат Болатбек