Жиналған материалдар сотқа жолданып, іс бойынша тиісті шешім қабылданды
Теміртау тұрғыны жаңажылдық шыршаны өртеп, безендіргіштерді қасақана бүлдіргені үшін 10 тәулікке әкімшілік қамауға алынды, деп хабарлайды Almaty.tv.
Қарағанды облысы Полиция департаментінің баспасөз қызметінен хабарлағандай, қалалық әкімшілік сотында 33 жастағы қала тұрғынына қатысты әкімшілік іс қаралды.
"Сот шешімімен құқық бұзушы әкімшілік жауапкершілікке тартылып, оған 10 тәулік мерзімге әкімшілік қамау жазасы тағайындалды", - делінген ПД хабарламасында.
Айта кетейік, бұған дейін әлеуметтік желілерде Теміртау қаласындағы көпқабатты үйлердің бірінің кіреберісінде орнатылған жаңажылдық безендірулердің қасақана бүлінгені көрсетілген бейнежазба тараған болатын.
Аталған дерек бойынша жүргізілген тексеру барысында полиция қызметкерлері құқық бұзушының жеке басын анықтады. Ол — осы үйде тұратын 33 жастағы азамат болып шықты.
Жиналған материалдар сотқа жолданып, іс бойынша тиісті шешім қабылданды.
Оқи отырыңыз: Ақтөбе облысында қыстақтан шығып, адасып кеткен ер адам құтқарылды