Теңіз толқыны жұтқан тағдырлар: Үкімет кінәлілердің қатаң жазаланатынын мәлімдеді
29011 әскери бөлімі Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің Әскери-теңіз күштеріне қарайды
Күллі Қазақстан қара жамылып, елімізде жалпыұлттық аза тұту күні жарияланды. Кеше Ақтаудан шамамен 45 шақырым жердегі Каспий жағалауында өткен әскери оқу-жаттығу кезінде қайғылы оқиға орын алып, 14 әскери қызметші қаза тапты. Суға кеткен сарбаздарды іздестіру-құтқару жұмыстары бүгін таңертең аяқталды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Ауқымды операцияға 252 әскери қызметші мен қызметкер, 34 бірлік арнайы жерүсті техникасы, 37 әскери сүңгуір, 14 кеме мен катер, сондай-ақ 4 тікұшақты қоса алғанда, 20-дан астам әуе кемесі жұмылдырылды. Іздестіріліп жатқан соңғы екі сарбаздың денесі таңғы сағат 9:00-де табылды.
«Хазар Қорғаны» оқу-жаттығуын өткізуге шыққан Әскери-теңіз күштерінің сарбаздары мезгілсіз райдың құрбаны болды. Аяқ астынан жел күшейіп, ауа райы күрт бұзылған. Алдын ала мәлімет бойынша, 17 әскери қызметшінің 14-і қаза тауып, үшеуі құтқарылды. Олардың екеуі казармада, біреуі облыстық көпбейінді аурухананың жансақтау бөлімінде жатыр. Дәрігерлер аман қалған сарбаздың жағдайын тұрақты, өміріне қауіп жоқ деп бағалап отыр.
ҚР Қарулы Күштері Әскери-теңіз күштерінің бас қолбасшысы Қанат Ниязбеков қаза тапқандардың арасында бір офицер (аға лейтенант) мен бір сержант бар екенін айтты. Сарбаздар Маңғыстаудың тумалары және Батыс Қазақстан облысының, Орал қаласының жігіттері болып шықты. Олардың әскери борышын өтеуге аз ғана уақыт, яғни 10 күн, 8 күн, 1 ай, 1,5 ай қалған.
Қайғылы жағдайға байланысты арнайы комиссия құрылып, тергеу жұмыстары басталды. Премьер-Министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев пен Қорғаныс министрі Дәурен Қосанов оқиға орнына барып, жауапты тұлғаларға тиісті тапсырмалар берді.
«Оқиғаның барлық мән-жайын анықтау үшін, Президенттің тапсырмасы бойынша, Үкімет менің жетекшілігіммен арнайы комиссия құрды. Бұл жағдайға байланысты құзырлы органдар қылмыстық іс қозғады. Тергеу барынша мұқият, жан-жақты, қысқа мерзімде жүргізілетін болады. Қайғылы оқиғаға себеп болған әрбір лауазымды тұлға заң алдында ең қатаң түрде жауап беретін болады. Мемлекет қаза тапқандардың отбасыларын жалғыз қалдырмайды. Қаза тапқан әрбір әскери қызметшінің отбасына қомақты материалдық көмек беріліп, сондай-ақ барлық қажетті қолдау көрсетілетін болады», – деді Қанат Бозымбаев.
Аталған дерек бойынша Қылмыстық кодекстің 453-бабының 2-бөлігі (ауыр зардаптарға әкеп соққан қызметке салғырт қарау) және 465-бабы (кеме жүргізу қағидаларын бұзу) бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қазіргі таңда басты міндет – қаза болғандардың отбасыларына жан-жақты қажетті көмек көрсету.
Айта кетейік, 29011 әскери бөлімі Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің Әскери-теңіз күштеріне қарасты. Мұнда әскери-теңіз күштерінің құрамындағы теңіз жаяу әскері және десанттық шабуылдау батальоны қызмет атқарады.
Жасұлан Амантайұлы, Мұқағали Нұрдәулет, Ақтаудан
Оқи отырыңыз: Маңғыстаудағы қайғылы оқиға: Қорғаныс министрлігі жүйесінен бес лауазымды тұлға ұсталды