Автобус пен тепловоз соқтығысты: зардап шеккен бір адамның жағдайды ауыр

26.11.2024 20:37

Полиция департаментінің мәліметінше, №88 автобус жүргізушісі жол белгісінің талаптарын елемеген

Алматыда автобус пен тепловоздың соқтығысуынан зардап шеккен 7 адамның біреуі ауыр жағдайда. Жолаушының қабырғасы сынып, ауруханаға жеткізілген. Локоматив жеке компанияға тиесілі екені белгілі болды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Оқыс оқиға осы Әуезов пен Гоголь көшелерінің қиылысында болған. Батыс бағытқа қарай келе жатқан тепловозға соқтығысқан қоғамдық көлік ішінде куәгерлердің сөзінше, 20-ға жуық жолаушы болған. Апат орнында қалған автобус сынықтары соқтығыстың қаншалықты қатты болғанын дәлелдеп тұр.

"Қатты дауыс естідім. Мен қарама-қарсы орналасқан дүкеннің иесімін. Дыбыстан шошып, сыртқа қарай жүгіріп шықтым. Автобус ішінде қарттар мен балалар көп екен. Бәріміз бірден көмекке ұмтылдық", – деді куәгер Амир Гановзи.

Полиция департаментінің мәліметінше, №88 автобус жүргізушісі жол белгісінің талаптарын елемей, теміржолда ешқандай қозғалыстың жоқ екеніне көз жеткізбеген. Апат салдарынан жеті адам зардап шекті. Оның бірі – зейнеткер.

"Жапа шеккен 80 жастағы науқас оң жақ қабырғаларының, білек сүйегі сынығы диагнозымен қалалық жедел шұғыл көмек көрсету ауруханасына жатқызылды. Оның жағдайы ауыр, бірақ тұрақты деп бағаланады. Бір науқас Алматы көпбейінді клиникалық ауруханасына жеткізілді", – деді Алматы қалалық Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының бөлім басшысы Ләйла Иманғалиева.

Қазіргі таңда мәлім болғандай, қоғамдық көліктің жүргізушісі жол жүру ережесінің нормаларын өрескел бұзу салдарынан жол-көлік оқиғасы болды. Толық мән-жай тергеу барысында анықталатын болады. Сараптамалар тағайындалды", – деді Полиция департаментінің ресми өкілі Салтанат Әзірбек.

Ал қалған зардап шеккен 5 науқас дәрігерге қаралғаннан кейін тұрғылықты жері бойынша бекітілген емханаға амбулаторлық бақылауға жіберілген. Жол апатына нақты кімнің кінәлі екені тергеуден тергеуден кейін белгілі болмақ.

Жансая Олжабек, Ернат Болатбек

Оқи отырыңыз: Алматыда кіші инвазиялық әдіс арқылы омыртқаға ота жасалды